Бесінші перзентхана салынады
Елімізде ана мен баланың денсаулығы мемлекет қорғауында. Себебі адами капиталды дамытуда денсаулық сақтау саласының маңызы зор. Ал адами капитал перзентханадан бастау алатыны сөзсіз.
Шымкент қаласында төрт перинаталдық орталық бар. Бүгінде қаладағы екі перзентханада күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстар таяуда аяқталады. Орынның тапшылығына байланысты №1 аурухананың жанынан бесінші перзентхананы ашу көзделіп отыр.
Былтыр медициналық құрал-жабдықтарға 6 миллиард теңге қаржы бөлінсе, биыл да материалдық-техникалық база нығая түспек. Мамандардың айтуынша қазіргі таңда Шымкенттің денсаулық сақтау саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспары дайындалып жатыр. Жоспар бойынша бастапқы медициналық көмекке көп көңіл бөлінбек. Бұл салаға жеке инвесторлар да келіп жатқан көрінеді. Сондай-ақ медициналық қызмет көрсету сапасы да арта түспек. Жеке емханалардан бөлек, биыл бір мың орындық заманауи аурухана құрылысын бастау жоспарланып отыр дейді салаға жауаптылар.
Айта кетейік, Шымқалада өткен жылы 31 455 сәби дүниеге келген. Жалпы үшінші мегаполис республикадағы демографиясы жоғары, бала туу көрсеткіші жағынан алғашқы орындарды иеленетін өңір.