«Атпен серуендеу - әрі спорт, әрі шабыт...»

Oinet.kz 23-03-2019 1280

Screenshot_10.jpg

Денсаулықты сақтап, ұзақ өмір сүрудің ең тиімді жолы – салауатты өмір сүру салтын ұстану, спортпен шұғылдану. 2020 жылға дейін Қазақстан халқының отыз пайызын бұқаралық спортқа тартуды тапсырған Елбасы өз Жолдауында дені сау ұлт – жалпыұлттық міндет екенін, сондай-ақ, балалық шақтан бастап денешынықтыру мен спорттық даярлыққа және оған ең қолайлы мүмкіндіктер туғызуға ерекше ден қойылуы керектігіне баса назар аударды. Тиімді қимыл белсенділігі, дұрыс тамақтану, тиімді күн режимі, шынығу, салауатты өмір салтын ұстану – аға буынның денсаулығын түзетсе, балалар мен жасөспірімдердің функционалдық – психологиялық мүмкіндіктерін және олардың оқу мен еңбекке деген қабілетін дамытуға қолайлы жағдай туғызады. Әрине, дені сау ұлт қалыптастыру үшін салауатты өмір салтын ұстануды әркім ең бірінші өзінен, өзінің отбасынан бастауы қажет екені түсінікті. Біз бірнеше азаматтарға хабарласып, өзінің, отбасы мүшелерінің денсаулығын күтуге қаншалықты көңіл бөлетінін, ұрпақ саулығын арттыру үшін не істеу керектігін сұраған едік.

Болатбек НӘЖІМЕТДИНҰЛЫ, облыс әкімінің орынбасары:

«Бала-шағамның спортпен шұғылдануына өзім түрткі болдым»

- Әрине, жұмыс көп, бос уақыт бола бермейді. Бірақ, денсаулық болмаса өзгенің құны жоқ. Халыққа қалтқысыз, сапалы қызмет ету үшін де күтінбесе болмайды. Жұмыс күндері таңертең сағат 6 болмай тұрып, 1,5-2 сағат шамасында жүгіріп, жаттығу жасап, спортпен айналысқанды дағдыға айналдырғанмын. Бұл жұмыс істеуге күш-қуат береді.

Мен бұрын кәсіпкерлікпен айналысқанмын. Көбінше Еуропа мемлекеттерімен байланыстым. Олармен біздегі уақыт айырмашылығы 4-5 сағатты құрайды. Сонда олардың жұмыс уақыты біткенше бізде түн болып қалады. Барлық операцияларымды ғаламтор арқылы орындап, таңертеңнен қара кешке дейін компьютердің алдында отыратынмын. Бұл дене қимылын қажет етпейтін жұмыс. Сол кезде әжәптәуір артық салмақ қостым. Мемлекеттік қызметке келгелі өз-өзіме деген талапты күшейттім. Сыртқы келбетімді ретке келтіруге де аса ден қойып, спортты серік еттім. Соның арқасында екі жарым жылдың көлемінде 24 килограмм салмақ тастадым. Киімдерімді кезең-кезеңімен үш рет қысқартуыма тура келді.

Ауылда туып-өскендіктен бала күнімізден қара жұмысты көп істедік. Кесек құйдық, үй салдық, қора тұрғыздық, шөп ордық, қой бақтық. Оның үстіне біздің ауылда ауыз су болмайтын. Үйден 500 метрдей қашықтықта интернат бар болатын. Қолымызға фляга мен шелектерімізді алып, күніне сол жақтан екі реттен су тасимыз. Бұл бір тәулікке жететін тіршілік нәрі.  Мұның барлығы спорт. Одан бөлек шамалы уақыт қазақша, еркін күреспен шұғылдандым. Ал жоғары оқу орнына түскенде шаңғы тептік, аздап ауыр атлетикаға әуестенгенім бар. Шахматты бала кезден жақсы көрдім, жақсы ойнадым. Спорттың бұл түрінен спорт шеберлігіне кандидатпын.

Бала-шағамның да барлығының спортпен айналысуына өзім түрткі болдым. Жалпы менің ойымша ұрпақ саулығын арттыру үшін жасөспірімдердің спортпен айналысуына жан-жақты жағдай жасау керек. Қазақ балалары үшін, әсіресе, суда жүзу, жеңіл атлетика, шаңғы тебу секілді спорт түрлерін дамыту қажет. Әрине, бокс пен күрес түріне қызығушы жастар көп. Бірақ, спортпен айналысатын жастардың қатарын арттыру үшін осындай спорт түрлеріне көбірек мән берген жөн. Орталық стадионның жанынан бассейн ашылғанда оған келушілер өте көп болды. Көпшілігі қарадомалақтар. Демек, қызығушылық бар деген сөз. Жастарға бос уақыт қалдырмау керек. Бүгін осылай тәрбиеленген бала 10-15 жылдан кейін дені сау ұлтты қалыптастыратын нағыз патриот болып шығады. Ал бос уақыт – қылмысқа жетелейтін ең төте жол.

 

Алмасбек ММАМЫТБЕКОВ, «Нұр Отан» ХДП Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

«Ұрпақ саулығы барлығымыз үшін маңызды»

- Бассейнге жиі барып тұрамын. Күн жылы да жүгіремін. Гантель, гир көтеріп, денені шынықтырамын. Ұдайы диета ұстап, ағзаның демалуына, тазаруына көп көңіл бөлемін. Ал шипажайларға барып көрмеппін. Ұлдарым да спорттан құралақан емес. Кішкентай кездерінен өзіммен бірге таңертең тұрып, жүгіретінбіз. Үлкен ұлым боксқа қатысқан, кішісі футболға барады.

Ұрпақ саулығы барлығымыз үшін өте маңызды. Ол үшін спорт секцияларын көбейтіп, оның халыққа ақысыз қызмет көрсетуіне қол жеткізу керек. Әр көпқабатты үйлердің ауласында спорт алаңшалары болуы керек қой деп ойлаймын.

    Өзім «Нұрсәт» мөлтекауданында тұрамын. Балалар мектеп жанындағы спорт алаңшаларына барады. Ол барлығына бірдей қолжетімді емес. Ең басты мәселе - әрбір ата-ана «балама мектеп қарайды, ұстаздар тәрбиелейді» деп мектепке толықтай ысырып қоя салмай, әркім өз ұл-қыздарын спортқа баулуы керек. Ауылды жерлерде де спортпен тыңғылықты айналысуға жағдай жасалмаған. Жазғы күндері көгалға шығып футбол, қыста көшеде хоккей ойнағанымен, спорт залдары, спортқа баулыйтын жаттықтырушылар жоқ. Әйтпесе, ауылдан мықты спортшылар шығаруға болады.

Серікбай ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ, Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:

«Спортқа да субсидия керек»

- Тәні саудың – жаны сау. Осы мәтелге ерекше көңіл бөлемін. Қызмет барысында, әсіресе, сот саласында таза жұмыс істеу үшін спорттың үйретері көп. Спорт - тазалықты талап етеді, сатқындықты сүймейді, әділеттікті ту етіп көтереді. Спортқа жаным жақын болудың арқасында осы қасиеттерді бойыма сіңіре білдім деп ойлаймын. Оның үстіне денені ұдайы шынықтырып отыру қосымша күш-қуат сыйлайды. Басы ауырып, балтыры сыздап, таңертеңнен кешке дейін мазасы болмай отырған адамнан қалайша сапалы жұмыс күтуге болады? Әсіресе, қателесуге болмайтын, адам тағдырына төрелік айтатын сот жүйесінде.

Қазір сот саласында спортқа ерекше көңіл бөлінген. Екі жыл сайын республика судьяларының арасында спартакиада болып тұрады. Соның бірде бір додасынан да шеттеп қалған емеспін. Футбол, волейбол командаларының белді мүшесімін деп айтсам да болады. Облыс судьяларынан құралған футбол командамыз республикалық додада бір емес, екі мәрте жеңімпаз атанып, чемпион болғанбыз. Волейболдан да ұдайы екінші, үшінші орындардан көрініп келеміз.

Ұл-қыздарым да спорттан алыс емес. Бір ұлым каратэге, екеуі суда жүзуге барады. Әркім өз ұл-қыздарына спорттық тәлім-тәрбие бере білсе, дені сау ұрпақ қалыптастыруға қосқан үлкен үлесіміз деп есептеймін. Қазір ол үшін мемлекеттен тарапынан қолдан келгенше жағдай жасалып жатыр. Дегенмен, әлі де болса спорт нысандарын көбейтуге күш салса екен деймін. Шетелдердің көпшілігінде әр көшенің бұрышында баскетбол, волейбол ойнайтын алаңшалар тұрады. Рас, қазіргі жастар арасында спортқа деген тартылыс бар, бірақ, барлығына бірдей қолжетімді деп айту қиын. Мәселен, қалада жеке меншік спорт алаңшалары бар болғанымен олардың қызмет көрсету құны жоғары. Мемлекет тарапынан спорт алаңшалары көп ашылса, олар бос қалмайды деп ойлаймын. Мектепте де спорт үйірмелерінің көп болғанын құп көремін. Мәселен, мен қызымды гимнастикаға бергім келеді, бірақ, мектепте ондай үйірме жоқ.

Ауылшаруашылық саласында мемлекеттен көмек ретінде субсидия беріледі. Спортқа да осындай субсидия бөлінсе, ұрпақ саулығын көтеруге көп көмегін тигізген болар еді. Ұшақтың билеттері қымбат болып кеткен кездері мемлекет осы мақсатқа субсидия бөлген жағдайлар да болған. Халықты жаппай спортқа тарту үшін осындай бір тетік табу керек сияқты. Жастар арасындағы қылмыстың алдын-алудың негізгі жолдарының бірі  - спортқа тарту, баулу.       

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ, «Қазақстан» ұлттық арнасының Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі:

«Бұқаралық спорт ұрпақ саулығын сапаландырады»

- Ауылда өскен баланың ешқайсысы да спорттан алшақ болмайды. Доп теуіп,  волейбол ойнап, күш сынасып, күрескеннің өзі спорт. Шахмат та спорттың бір түрі ғой, оны жақсы ойнаймын. Әрине, спорттың түбіне түсіп, шындап айналысқан кезім болмаса да студенттік жылдары дене шынықтыру сабағынан бөлек біршама уақыт ауыр атлетиканы ермек еткенім бар.  

Қазір жұмыс барысы спортқа жиі мойын бұруға мүмкіндік бере бермейді. Дегенмен, волейбол ойнап тұрамын. Шахматтан әлі де қарсыластарымды сан соқтырып жататын кездерім аз емес. Жақында демалысқа шығып, ауылда қара жұмыстармен айналысып қайттым. 4 – сыныпта оқитын ұлым шахматты әжептәуір ойнайды. Келесі жылдан бастап волейбол үйірмесіне берсем бе деймін.

Елбасының тапсырмасынан кейін дені сау ұрпақ тәрбиелеу, бұқаралық спортты дамыту мәселесіне көбірек көңіл бөліне бастады. Жақында ғана Қазығұрт ауданында керемет спорт кешенінің ашылуы осы сөзіме дәлел. Ауылды жерде бұрын-соңды мұндай әдемі кешен болмаған. Мұнда қысы-жазы спортпен шұғылдануға болады. Осы секілді кешендер ауылды жерлерде көбейетін болса, ұрпақ саулығын сапаландыруға әбден болады. Әйтпесе, шалғай ауылдарда спортпен айналысамын деушілерге жағдай жасалмаған. Мектептегі дене шынықтыру сабағымен шектеледі. Аудандық спорт мектептері аудан орталықтарында. Оны орталықта тұрған жастар ғана пайдалана алады.

Темекіге, ішімдікке әуестікті біржолата жойып жібермесе де бұл келеңсіздіктің кемуіне спорттың септігі тиетіні сөзсіз. Бір бала спортқа баратын болса, ол міндетті түрде қасына тағы бір баланы ертіп алады. Осылайша жалғасып кете береді. Өнер мектептерін де жандандыру қажет. Қазақ үшін қанша өнер иесі болса да көптік етпейді ғой. Есесіне не істерін білмей сенделіп, ұрынарға қара таппай жүргенше өнердің бір түрін меңгеріп шығады. Өзім де бес жыл саз мектебінде оқығанмын, артық уақыт табу қиын.

Әбдіхан НҰРМАҒАМБЕТОВ, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармолнияның бастығы:

«Атпен серуендеу - әрі спорт, әрі шабыт...»

- Денсаулық бірінші кезекте біреу үшін емес, әркімнің өзіне керек. Сол себепті күтіну, спортпен шұғылданған жөн. Қыруар шаруаның арасынан уақыт тауып, бассейнге барып тұрамын. Таңертең «Дендросаябаққа» барып, жүгіргенді, аздап серуендегенді жақсы көремін. Демалыс күндері уақыт табылып жатса, ауылға барып атпен серуендеймін. Аттың үстінде бір күн бойы жүре беремін десем, жалған айтқандық емес. Ат спортының тәнді де, жанды да сауықтыруға әсері өте орасан. Біріншіден, бұл денені шынықтырып, бірқатар аурулардың алдын алса, екіншіден, табиғат аясында, таза ауада миды тынықтырып, шығармашылық шабытты оятуға әсері орасан. Өнер адамы үшін күнделікті күйбең тіршіліктің шаңына көміліп, одан шыға алмай қалғаннан асқан қауіп те, қорлық та жоқ. Еңбек демалысы кезінде жүйкеге түскен салмақтан арылу үшін тамаша табиғат аясында демалып қайтудың өзі санаға сергектік сыйлап, бойға күш-қуат береді. Биыл жазда Бурабайда демалып қайттым.   

Салтанат ҚАРАКӨЗОВА, Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:

«Деннің саулығы әркімнің өз қолында»

- Денсаулықты күтудің ең тиімді жолы – спортпен шұғылдану. Аптасына үш рет фитнес залда жаттығамын. Мұнымен айналысқаныма төрт-бес жыл болып қалды. Әрине, полиция қызметкері үшін бос уақыт көп деп айта алмаймын. Бірақ, еңбек демалысына шыққан уақытта өз еліміздегі табиғаты тамаша жерлерге барып, тынығып, күш-қуат жинап қайтамын. Сауатты демалудың өзі денсаулыққа пайдалы. Жиі болмаса да шипажайда емделіп тұрамын.

Ұлым суда жүзгенді қатты ұнатады. Менің кеңес беруіммен екі жылдан бері дзюдомен айналысады. Қазір «Қазақстан барысын» көріп, сондай болғым келеді деп жүр. Әрине, спортқа қызыққаны, мықтыларға еліктегені жақсы.  

Менің ойымша әр адам өз денсаулығын күтуге ерекше мән беру керек. Біреу үшін біреу денсаулығын күтіп бермейді. Ол мүмкін де емес. Дәрігерлердің өзі сіздің сырқатыңызды емдеумен шектеледі. Ал ауырмау, деннің саулығын арттыру әркімнің өз қолында. Жеке бастың гигиенасын сақтау, салауатты өмір салтын ұстану, яғни темекі шекпеу, ішімдік ішпеу де аса маңызды.     

Болат ӘЖІБЕКОВ, әнші, термеші, бағдарлама жүргізушісі:

«Артық салмақтан жүгіру арқылы арылдым»

- Бала күнімізде білінбейді, футбол ойнадық, күрестік, қара жұмыс істедік, осының барлығы дене шынықтыру екен. Осының себебі болар, әйтеуір ауылдың балалары шымыр келеді. Қалаға келіп, жұмыс істегелі дене қимылын көп қажет ететін мұндай жұмыстардан шеттеп қалдық. Бір жағы осының да әсері болар, лезде толып кеттім. Қарын мен иек салбырап, көз қысылды да қалды. Бұрынғыдай еркін тыныс ала алмайтын болдым. Шалт қимылдар жасасам, жылдам ентігіп қаламын. Өзімді ауыр, әрі жайсыз сезіне бастадым. Оның үстіне өнер адамы болғасын халықтың алдына жиі шығу керек. Бір амал тауып, дене бітімімді ретке келтірмесе болмайтынын білдім. Сөйтіп, дәрігер кеңесіне жүгіндім. Аздыратын дәрі ұсынды, диетаға отыруға кеңес берді. Бірақ, мұның ешқайсысы да көңіліме қонбады. Сөйттім де өзіме деген талапты күшейттім. Күн сайын таңертең ұлымды мектепке апарып тастаймын да, Дендросаябақты бір айналып жүгіріп шығамын. Алғашқы 4-5 күн ентігімді баса алмай, қатты қиналдым. Бірте-бірте тынысым ашылып, өкпем тазарғанын сездім. Он шақты күннің ішінде 5-6 килограмм салмақ тастап, бұрынғы қалпыма келдім. Қазір бір күн жүгірмей қалсам, өзімді жайсыз сезініп, бір нәрсе жетпей тұрғандай болады. Адам ең бастысы өзіне нақты талап қойса, өзін жеңіске жетелейді екен. Бәлкім жалқаулығымды жеңе алмағанда онан сайын салмақ қосып, семіздердің сапынан шыға алмай қалар ма едім, кім білсін?

Сауалнаманы жүргізген Шадияр Молдабек

Мұрағаттан, 17.10.2012 ж

ОҚМПИ (ОҚМПУ) - іргелі оқу орны
ХҚТУ клиникалары – бүгінгі заман медицинасының үлгісі іспетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу