ХҚТУ клиникалары – бүгінгі заман медицинасының үлгісі іспетті
Тәуелсіздігіміздің алғашқы қарлығашындай болып дүниеге келген қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің шәкірт тәрбиелеп келе жатқанына 21 жыл толды. Оқу ордасының тарихына қысқаша тоқталып өтер болсақ, 1991 жылы негізі қаланып, ашылуына Елбасы Н.Назарбаевтың өзі қатысқан жоғары оқу орнына 1992 жылдың 31 қазанында Қазақстан мен Түркия Үкіметтерінің екі жақты келісімі негізінде халықаралық мәртебе берілді. Түрік мемлекетінің сол кездегі президенті Тұрғыт Озал да арнайы университет табалдырығын аттап, қадамына сәттілік тілеген болатын. Міне, осындай қысқа да болса маңызды сәттерге толы тарихы бар университеттің өз клиникасының жұмыс істеуі өзге жоғары оқу орындарынан ерекшелендіріп тұрады.
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Шымкент клиникасы Қазақстан мен Түркия мемлекеттерінің президенттері, яғни Н.Назарбаев пен С.Демирелдің келісімі негізінде құрылған. Араға үш жыл салып, облыс орталығындағы «Фосфор» ӨБ МСБ университеттің медициналық факультетінің клиникалық оқу базасына айналды. Ал келесі жылы бұл аурухана университеттің клиникасы болып қайта құрылды. Медицина ғылымдарының докторы, профессор, білікті де білімді азамат Иманәлі Байдәулетов басқаратын клиниканың жаңа статус алуына байланысты медицина факультетінің оқытушы–профессорлық құрамы мен тәжірибелі дәрігерлерінің тығыз байланыста жұмыс жасауының арқасында жаңа белестерге қол жеткізе бастады. Клиниканың емдеу диагностикалық процессінің жетілдірілуімен бірге ғылыми – ізденіс жұмыстардың көлемі мен тақырыбы кеңіді, материалдық техникалық базасы нығайды. Қазіргі кезде халыққа мамандандырылған көмек көрсететін клиника көпсалалы емдеу-оқыту-ғылыми тұрғыдағы мекемелердің бірі болып табылады.
Клиника құрамына аймақтың 55691 тұрғындарын қамтитын емхана, 116343 әйелді қамтитын әйелдерге кеңес беру бөлімшесі, ревматология, аллерго-пульмонология, неврология, нефрология, гинекология, хирургия, ЛОР мен урология, операция блогымен қоса 2 реанимация бөлімшесі, қабылдау, сәулелі және физикалық тәсілдермен диагностикалау, физиотерапия бөлімшелері және клиникалық-диагностикалық, бактериологиялық зертхана, сондай-ақ, 120 төсектік перзентхана мен 420 төсектік стационар қызмет көрсетеді. Ішкі ауруханалық дәріхана, кір жуу орны, асхана, гараж, шаруашылық бөлімдері де бар.
Диагностикалық және емдеудің кезеңдік хаттамаларының талабына сай кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде клиниканың құрамы, оның материалдық-техникалық базасы, кадрлық және ғылыми потенциалы амбулаторлы-емханалық, стационарлық сапалы көмек көрсетуге толық мүмкіндік береді. Жыл сайын клиника стационарында және перзентханада 17-19 мың науқас ем қабылдайды, 6-6,5 мың төңірегінде нәресте туылады, 2,5 мың ота жасалады, 2,5 мың науқас күндізгі стационарда және үйдегі стационарда ем алады. Емханада және әйелдерге кеңес беру бөлімшесіне келушілер 295,5 мыңды құрайды.
Түрік стандарттау институтының (T.S.E) сертификаты облыстағы емдеу мекемелерінің арасында алғашқыларының бірі болып 2006 жылы ХҚТУ клиникасына берілсе, 2008 жылы ИСО 9001-2000 сапа сертификатына ие болды. Жеткен жетістіктер де жоқ емес. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша 2010 жылдың бірінші жарты жылдығында бұл ұжым облыстық емдеу мекемелерінің арасында ең үздіктердің бірі ретінде танылды. «Әлем дәрігері» бағдарламасы негізінде клиника базасында «Интерпласт Туркия» халықаралық ұйымы мамандарымен және университет клиникасымен мыңнан аса, оның ішінде аз қамтылған отбасындағы туа біткен ақаулары бар балаларға тегін пластикалық және реконструктивтік операциялар жасалды. Бір жарым мыңнан аса кеңестер берілді. 2005 жылдың маусымы мен 2010 жылдың қазанында Астана қаласында «Ана және бала» Ұлттық ғылыми-медициналық орталығында және клиникаларында елдің әртүрлі аймақтарынан келген ауруларға Түркия мамандарымен бірлескен клиника дәрігерлері 100-ге жуық тегін пластикалық операциялар жүргізді. Осы жылдары университет клиникасында пластикалық және реконструктивті хирургия мектебі қалыптасты. Осы биіктерді бағындыруда Университеттің Түркиядағы өкілетті кеңес төрағасы профессор Осман Хората мен Университет президенті, ғылым докторы, профессор, іскер басшы Лесбек Тәшімовтың тікелей көмегі мен қамқорлығы болғанын айта кету орынды.
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультетінің студеттері, түлектері жұмыс істейтін осы оқу орнының клиникалық-диагностикалық орталығы Қазақстанда ең алғаш университет жанынан ашылған және облыс бойынша осы заманға сай жабдықтармен жан-жақты жабдықталған клиникалардың бірі болып табылады. Қажетті медициналық құрал-жабдықтар Түркиядан, университеттің өкілетті кеңес тарапынан қамтамасыз етілді. Технологияның ең соңғы құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілген клиникалық-диагностикалық орталық 2008 жылдың 1-желтоқсанынан бастап емхана бойынша, 2009 жылдың 15-қаңтарынан бастап стационар бойынша қызмет ете бастады. Осы жылдың 6-сәуірінде операция блогы мен реанимация бөлімдері ашылып, орталық толығымен жұмыс атқаруда.
Клиникалық-диагностикалық орталық жалпы аумағы 13223 шаршы метр болатын жабық және 12224 шаршы метр ашық бау-бақша алаңымен бірге 4 қабатты ғимарат ретінде салынды. Орталық аурухана хирургия және терапия бөлімдерінен тұрады. Онда 3 операция бөлімі, 6 орындық реанимациялық және компьютерлі томография, ультрасонография, С-портативті скопия аппараты, 1 дана тұрақты және 1 дана жылжымалы рентген аппараты бар радиология бөлімдеріжұмыс істейді. Соңғы технология бойынша жабдықталған лабораторияларда әр түрлі анализ бен талдаулар жасалады. Маман дәрігерлердің білімдерін жетілдіру, сонымен қатар басқа да медициналық персонал қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында Түркияның Хажеттепе және Гази университеттерімен ынтымақтастық келісім-шарттарына қол қойылған.
Қазіргі уақытта университет клиникасының мүмкіншілігі арқасында жергілікті тұрғындарға Республикалық орталықтарға барып, уақыт жоғалтпастан сапалы емделуге мүмкіндік алып отыр. Дегенмен, бұл клиника туралы әлі де білмейтіндер аз емес. Сол себепті орталықтың мүмкіндігі жайлы кеңірек тоқталғанды жөн көріп отырмыз.
Клиникалық-диагностикалық орталық дамыған Еуропа елдеріндегі медициналық оқу орындарының үлгісін ала отырып, университеттің медицина факультетінің жаңа заманауи клиника-диагностикалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген мықты тәжірибелік базасы ретінде ашылған. Клиника халыққа медициналық қызмет көрсете отырып, болашақ медицина саласына кәсіби мамандарды дайындау мақсатын көздейді.
- Науқастарды қабылдау мен емдеу мәселесі бойынша ерекшеліктер бар. Біздің клиникамыз емханалық және диагностикалық бағыттағы тексерулерді мемлекет тарапынан бөлінген қаржыға университет қызметкерлері мен студенттерге ғана ақысыз қызмет көрсете алады. Тексерілуге, емдеуге келген қала тұрғындарын біздер тікелей қабылдай алмаймыз. Өйткені, қала халқы үшін ақысыз амбулаториялық тексерілу және емделуіне қаражат қалалық емханада қарастырылған. Дегенмен, науқастар біздің клиниканы таңдап, емделгісі келген жағдайда портал жүйесі арқылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде ем қабылдай алады. Ал күндізгі стационарға жату үшін арнайы порталға тіркелудің қажеті жок, қалалық емханадан жолдама алса жеткілікті. Клиникада ақылы түрде емханалық, диагностикалық тексерулер мен стационарлық емдеу қызметін көрсету мүмкіншілігі мол және кез-келген науқасты қабылдауға дайынбыз, - дейді клиникалық-диагностикалық орталықтың бас дәрігері, жоғары дәрежелі дәрігер-нейрохирург Ж. Нақыпов.
Университеттің медицина орталығында кез-келген өзге емдеу мекемелері секілді аурудың көптеген түріне ем жасала береді. Тіпті, артықшылықтары да бар. Мәселен, үстіміздегі жылы нейрохирургия, пластикалық хирургия, урология, отоларингология, ортопедия-травмотология салалары бойынша жоғары технологиялармен жасалатын оталық көмек корсетуге рұқсат берілген, таңдаулы деген 6 медициналық мекеменің қатарына қосылған. Клиника бөлімшелерінде 7 медицина ғылымдарының кандидаты мен 5 жоғары санатты маман қызмет атқарады. «Каrl Stors» деп аталатын лапороскопиялық аппаратпен жабдықталған клиниканың хирургиялық қызметі (бөлім меңгерушісі Лесхан Шаймерденов) қазіргі таңда Оңтүстік өңірінде ең жоғары сапалы қызмет көрсетуге ұмтылуда.
2010 жылдан бастап нейрохирургиялық бөлім қызмет көрсетуде. Орталықтың бас дәрігері Ж.Нақыповпен бірге «Болашақ» бағдарламасы аясында Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы профессор А.Поленов атындағы институтыңда аспирантура бітіріп, кандидаттык диссертация қорғаған Асқар Бахтияров та жемісті еңбек етуде. Травматология және ортопедия бойынша Карағанды, Алматы қаласында тәжірибе жинақтаған дәрігер-травматолог, медицина ғылымдарының кандидаты Алмасбек Ахметов дертке дауа сыйлап жүрсе, отоларингологиялық науқастарды Анкара қаласының Гази университетінде біліктілігін 4 жыл арттырған Гүлжан Қонысова емдеуде. Пластикалық және реконструктивты оталарды жасап, қоянжырық және пластикалық хирургия көмегін қажет ететін туа біткен ақаулары бар көптеген науқастарға сапалы және жоғары дәрежеде қызмет көрсетіп жүрген Эйваз Латипов, дерматолог Ләззат Нұралина, радиология маманы Бағдат Медеуов Түркияның Хажеттепе университетінің клиникасында 4 жыл теориялық және өндірістік тәжірибе жинаған.
Анестезиолог-ревматолог Ерлан Мұстафаев, невропатолог-Сандуғаш Рүстемова, терапевттер Салтанат Асқарова, Гауhар Бахтиярова, Нұрлан Әбдірайымов, офтальмолог Бахтияр Хабибуллаев сияқты мамандар халыққа жоғары сапалы қызмет көрсетуде. Сонымен қатар клиника 12 каналдық ЭКГ, эфорлы ЭКГ, Holter dooрler ЕКО, спирограф, электромиограф, электроэнфалограф, компьютерлік видеоофтальмоскоп, авторефрактометр,биомикроскоп, тікелей электрлік офтальмоскоп, электрлік ретиноскоп, фокометр, гониоскопия, риноскоп, ЛОР комбайн, операциялык микроскоп, тағы да басқа заманауи медициналық қондырғылармен жабдықталған. Ота бөлмелерінің ауасы ламинарды ағым (фильтрация) арқылы тазаланады. Технологияның соңғы жетістігінің бірі болып табылатын «Siemens» томография жүйесі тұтастай дененің 2 және 3 кескінді тілімдер формасында Х сәулесімен рентген нәтижесін беретін және радиациялық әсері өте төмен қондырғы болып табылады. Ол түрлі-түсті ультрадыбысты жазба, С тармақты рентген түсіру жабдығы, тұрақты және жылжымалы рентген жабдығымен қамтамасыз етілген. Былтырдан бастап клиникада «Жарақат бекеті» жұмыс істеп келеді. Бұл бекет тәулік бойы «Жарақат бөлімшесіне» әртүрлі жарақаттармен түскен және «Жедел жәрдем» қызметі арқылы әкелінген науқастарға тәулік бойы медициналық қызмет көрсетіп келеді.
Тағлымы мол «Дәрігерлер аллеясы»
Университеттің медицина факультетінің клиникасы алдында «Дәрігерлер аллеясы» бар. Оны ашудағы басты мақсат - халықаралық университетте дайындалатын келешек маман-дәрігерлерге есімдері аңызға айналған ғұлама дәрігерлердің өнегелі ісін, жасаған еңбектерін, ашқан ғылыми жаңалықтарын паш ету.
Аллеяда «Медициналық ханзада» деген ұлы есімге ие болған, шығыстың ғұламасы Әбу Әли ибн Синаның қоладан жасалған мүсіні бар. Оның күрделі туындысы – «Дәрігерлік ғылымның каноны» араб тілінде жазылған 5 кітаптан тұратын медициналық энциклопедиясының латынша аудармасы ХІІ ғасырда жарық көріп, аз уақытта бүкіл дүниежүзіне тараған болатын.
Мүсіннің оң жағына қойылған гранит тақтада «Гиппократ анты» деп аталатын дәрігерлік моральдік-этикалық ант мәтіні жазылған. Сол жағындағы гранит тақтада қазақтың әйгілі шипагер ғалым-дәрігері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының өсиетнамасы берілген. Ол қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер, ғұлама шипагер, шешек ауруына қарсы вакцинаны алғаш қолданған азамат. Сонымен бірге ол халықтың өмір салтына, дүние танымына, рухани мәдениетіне мейлінше қанық, өз заманының терең ойлы, ұлтжанды тұлғасы болғаны айқын аңғарылады. Ол жеті атаға дейін некелеспеу керек екендігін ғылыми түрде дәлелдеген жан. Ал мүсіннің артқы жағы архитектуралық тұрғыдан әсем безендірілген. Тағы бір тақтайшаға осы заманда дәрігерлік қызметіне адалдық танытып, адам өмірін сақтап қалу үшін арпалысқан, өз өмірімен қош айтысқан дәрігерлердің есімдері жазылған. Мұның барлығы, әрине, болашақ ақ халатты абзал жандардың өз ісіне сүйіспеншілікпен, жауапкершілікпен қарауға үйретері хақ, ең бастысы түсіне білген тағлымы мол екенін атап айту қажет.
Мұрағаттан, 18.10.2012 ж