Ауыл мектебіне кітап сыйлады
«Bookcrossing» жобасына Түркістан қаласының білім ордалары да үн қосты. Назарбаев Зияткерлік мектептері желісінде оқушылардың бойында кітап оқуға деген қызығушылық дағдыларын қалыптастыру, мектеп оқушыларына қызықты кітаптарға қолжетімділікті ұйымдастыру, әр түрлі жастағы оқырмандарды кітап оқуға шақыру мақсатында «Bookcrossing» жобасы өтіліп келеді. Жалпы жоба тарихына үңілсек буккроссингтің алғашқы ресми қызметін жасаушы Рон Хорнбакер өз сөзінде:
- Буккроссинг – географиялық шекараны білмейтін кітапхана түрі, деп жоба арқылы адамдардың кітап құндылығы туралы көзқарасы өзгеретінін атап өткен.
Аталған жоба бүгінде рухани шаһардағы Зияткерлік мектебінде де белсенді әрі кеңінен жүзеге асырылуда. Осы орайда Түркістандағы Химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің (NIS) ұжымы бірлесе «Bookcrossing» жобасымен ауыл мектебін қолдау мақсатында облысқа қарасты Отырар ауданы, Шәуілдір ауылындағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №4 жалпы орта лицей-интернатына 200 кітап сыйлады. Зияткерлік мектептің басшылығы аталған оқу ордасына арнайылып барып, салтанатты түрде тарту етті.
Аталған лицей-интернатының басшысы Әділхан Әріпбеков Зияткерлік мектеп ұжымына өз алғысын білдірді:
- Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Оқу құралының ең ұлығы – бала оқытатұғын кітап» дейді. Сол секілді ауыл балаларының рухани дамуына рухани астанадан арнайылап құнды кітаптарды тарту еткен Түркістандағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымына ерекше алғысымды білдіремін. Ауыл мектебіне қолдау білдіріп, кітапханамыз әлем әдебиетінен бастап, түрлі жанрдағы бағалы кітаптарға толығып отыр. Бұл дегеніміз ауыл балаларының тек білім жағынан ғана емес, рухани әрі мәдени дамуына үлкен серпін бермек»,- деді өз сөзінде мектеп басшысы.
Айта кетейік, білім ордасының кітапханасы қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі көркем әдебиет, ғылыми, энциклопедия, қосымша әдебиет кітаптарымен толықты.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кітап оқу мен кітапханаларды қолдау қоғам дамуының басты міндеттерінің бірі екенін айрықша атап айтқаны баршамызға белгілі.
"Жақында әлеуметтік желіде еліміздегі кітапханалардың рөлі туралы қоғам назарын аудартқан пікірталас болды. Шындығына келгенде, бұл мәселенің мән-жайы баршаға түсінікті болуға тиіс. Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанынан қарамастан, дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды. Сондықтан біз жалпы кітапханалардың жүйесі мен жұмысын ұйымдастыруға жаңаша көзқараспен қарауымыз қажет. Бұл ретте осы саладағы заманауи үрдістерді ескергеніміз жөн. Тағы бір маңызды міндет – мектеп кітапханаларының кітап қорын жаңалау және толықтыру. Қазір бұл кітапханалардың қоры ескірген әрі жұтаң. Әсіресе, көркем туындылар мен әдебиеттер тапшы. Қазақ тіліндегі тиісті әдебиеттер өте аз немесе мүлде жоқ. Оқушылардың әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларына қолы жете бермейді. Сонымен қатар оқу мәдениетін арттыру мәселесін кешенді түрде шешу үшін тілдік пәндер мен әдебиеттердің оқу бағдарламаларын қайта қарау керек", – деген президент сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеген болатын.