Сан түрлі сала мамандары сайысқа түсті
Бүгін Ә.Кенжеев атындағы Келес аудандық мәдениет үйінде «Сері жігіт сұлтаны» атты 18 бен 35 жас аралығындағы мамандар арасында байқау болып өтті. Келес ауданы әкімдігінің Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған сайысқа сайдың тасындай қатар тізілген сайыпқырандар қатысты. Әр саланың мықтыларын топтаған тартысты шара ауданда тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.
Мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала мамандарын бір саханаға жинап, олардың арасындағы достық қарым-қатынасты арттыруды көздеген жарыста қатысушылардың бойындағы өнер мен білімі таразы басына түсті. «Жігітке жеті өнер де аз» деген ұранды арқалаған жеті сабаз бүгінгі серілер байқауында өнерлерін көрсетіп, бағын сынады.
«16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесіне орай аудандық көлемінде жігіттер сұлтаны сайысын ұйымдастырдық. Сайысқа қатысушылар ауданнымыздың сан түрлу саланың мамандары. Байқаудың басты мақсаты ауданымызға қызмет жасап жүрген мамандардың бір саханада тоғыстыру және басқа да қырдарын ашу. Олар да бір сәт жұмыстан көңілдерін сергіту»,- дейді Келес аудандық ЖРО директоры Айбек Т ашкенбай.
Сайыс 4 кезең бойы өрбіді. Алғашқы кезеңде қатысушылар өздерін өлеңмен өрілген шумақтармен таныстырса, екінші шарты салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды қаншалықты меңгергенін дәлелдеп, сұрақтарға жауап берді. Ал үшінші бөлімде конкурсанттар өз өнерлерні ортаға салды. Бірі суырып салма ақындық қасиетін байқатса, екіншісі қолөнер туындысын ала келіпті. Ал тағы бірі ерекше әсер сыйлайтын сахналық қойылым көрсетті. Олан бөлек жігіттер әсем әндер шырқап, терең маңңыналы терме де орындады.
Ал төртінші кезеңде сайыскерлер гір тасын көтеруден жарысты. Болмысы бөлек, тұлғасы дара жігіттердің ер мінезімен көрсеткен өнері, бойындағы білімі мен біліктілігі қала берді спорт жағынан шымырлығы сынға түскен сайыста ұлт болашағын тәрбиелейтін ұстаздар, әкім аппаратының қызметкерлері, сондай-ақ медицина саласының мамандары да жарыс алағына шықты. Ал оларды қодап келген әріптестері болса бүгінгі жарыстың қызықты да тартысты өтіп жатқанын алға тартты.
«Біздің аурухананың атынан сайысқа Құрманғазы есімді хирург маманымыз қатысты. Осындай шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдіргім келеді. Себебі біздің жастарға осындай сайыстар қажет-ақ»,- дейді дәрігер – хирург Нартай Смайылұлы.
Жарыс соңында әділ-қазылар алқасы жеңімпаздарды жариялады. Бас жүлде бағы жанған дәрігер хирург Құрманғазы Мекенбаевқа бұйырды. Ал бірінші орынды шашасына шаң жұқтырмаған география пәнінің мұғалімі , ұлағатты ұстаз Ардақ Серғазиев қанағат тұтты. Ал екінші орынды тағы бір білім саласының өкілі Қаныбек Тұрсын иеленсе, үшінші орынды мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүрген Өркен Әлібек есімді азамат қанжығасына байлады.
«Байқауға әбден дайындалдық. Бұл сайыста жігіттің жеті қыры көруну керек. Оны қолдан келгенше көрсетуге тырыстық. Қазағымның келешектегі ұрпақтары әрқайсысы осындай өнерлі, дарынды, білікті, еліміздің атын әлемге танытатын жастар болса деген тілек тілеміз. Осындай шаралар арқылы біз ауылда жүрген талантты азаматтарды анықтай аламыз»,- дейді ұстаз Ардақ Серғазиев.
Келес ауданында алғаш рет сан түрлі қызметте жүрген жас мамандар арасында ұйымдастырылған байқау көрерменнің көңілінен шықты. Шара соңында барлық қатысушыларға аудан әкімінің атынан алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.