Назарбаев зияткерлік мектебі енді - Түркістанда!
Түркістан қаласы күннен-күнге өсіп-өркендеп, көркіне көрік қосылып келеді. Қалада көптеген нысандар салынып, ел игілігіне берілуде. Енді жақын күндері Түркістанда балаларға сапалы білім беретін Назарбаев зияткерлік мектебі бой көтермек.
720 орындық Назарбаев Зияткерлік мектебі ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде пайдалануға беріледі. Бұл туралы Түркістан қаласында өткен өңірдің білім беру саласы қызметкерлерінің «Білімді ұлт – тұрақты дамудың кепілі» тақырыбында өткен облыстық тамыз педагогикалық кеңесінде айтылды.
Облыста 6 апатты және 4 үш ауысымды мектеп бар, оның ішінде биыл 2 апатты және 1 үш ауысымды мектептің мәселесі шешіледі. Қалған 4 апатты және үш ауысымды мектептің 3-нің мәселесі 2021-2023 жылдар аралығында толығымен шешімін табатын болады. Ағымдағы жылы бағдарлама аясында жалпы 47 мектеп құрылысы жоспарланған. Оның ішінде, 44 мектеп бюджет, 3-уі – жеке инвестиция есебінен. 1 қыркүйек айына 44 мектептен 17-сі пайдалануға тапсырылып, қалғаны жыл соңына дейін. Бұдан бөлек, 108 мектепті жаңғырту жоспарланған.
Бұған қоса, облыста 12 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы қарастырылып, оның 5 мектебі тамыз айының соңында аяқталса, қалған 6 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. 1 мектеп 2022 жылға өтпелі. Мектептегі оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыста 900 мемлекеттік мектеп толығымен бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар, Облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру саласына 2021-2022 оқу жылына орта білімді кадрларды даярлауға 52 мамандық бойынша 6 092 орынға мемлекеттік грант берілді. Оның 3 432 орны білікті жұмысшы кадрларды, 2 460 орны орта буын мамандарын, 200 орны қолданбалы бакалавриат мамандарын даярлауға бағытталған.