Адам қағып қашқан жүргізуші жазадан құтылмайды

Oinet.kz 15-07-2020 666

знак.jpg

Түркістан облысы әкімінің жол апатын болдырмау, алдын алу туралы тапсырмасын орындау мақсатында тәртіп сақшылары тұрғындар арасында түсіндірме шараларын күшейтсе де жол апаты азаяр емес. Бәйдібек ауданында екі адамды қағып қашқан жүргізуші бірінің өлімінне себепкер болды.

Бәйдібек АПБ-нің кезекші бөліміне түнгі уақытта Шардара ауданының тұрғыны арызданып, Шымкент-Самара тас жолының бойында белгісіз көлік оларды қағып кетіп, жанындағы серіктесі қайтыс болғанын хабарлады. Оқиға орнына шұғыл жеткен полиция қызметкерлері жол жиегінде бұзылып тұрған «VAN Hool» маркалы жолаушы тасымалдайтын автобус көлігінің ақауын жүргізушісі мен оның көмекшісі тексеріп тұрғанын анықтады. Осы уақытта Газ-53 маркалы белгісіз жүк тасымалдайтын автокөлігі бұзылып тұрған автобустың жанынан жанамай соғып, жәбірленуші мен көлік жүргізушісін қағып, жол-көлік оқиғасын жасағаны белгілі болды. Содан кінәлі жүргізуші оқиға орнынан бой тасалап, қашып кеткен. Салдарынан автобустың жүргізушісі жеңіл дене жарақаттарын алса, оның көмекшісі оқиға орнында қаза болған.
Бұл жол-көлік оқиғасы Бәйдібек АПБ-не Қазақстан Республикасы ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігімен және ҚР ҚК-нің 347-бабымен тіркеліп, қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру амалдары басталды.
Жол-көлік оқиғасына қатысы бар жасырынған жүк көлігі мен оның жүргізушісін ұстау мақсатында Бәйдібек аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шаралар кешені жүргізілді. Нәтижесінде жүк көлігі Сайрам ауданындағы жөндеу жұмыстарын жүргізетін орындардың бірінен табылып, жол-көлік оқиғасына тікелей қатысы бары дәлелденді. Содан аталған автокөлікті жөндеуге қалдырып кеткен күдіктінің жеке-басы анықталды, ол Сайрам ауданының тұрғыны болып шықты.
Тексеру барысында күдікті адам өліміне соқтырған жол-көлік оқиғасын жасап, оқиға орнынан бой тасалағанын толық мойындады. Күдікті қамауға алынып, оның жүк көлігі айыптұраққа қойылды.Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша автокөлікке тиісті сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері, жол қозғалысына қатысушыларға жолда абай болуға және жол қауіпсіздігі ережесін бұзбауға, жылдамдықты асырмауға, қашықтықты сақтауға, ал жол-көлік оқиғасы болған жағдайда оқиға орнынан кетпеуге кеңес береді.
Егер сіз жол-көлік оқиғасына қатысушы немесе куәгер болсаңыз, шұғыл 102 телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз.

Сайрамда ұрлық жасап, Шымкентте ұсталды
Дәріні қымбаттатып сатқандар заң алдында жауапқа тартылады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу