«Жеңгетайлық» жасағандар 5 жылға сотталады
Түркістан облысының әкімінің тапсырмасы бойынша, карантин кезінде маусым айындағы жедел-профилактикалық іс-шара барысында полицейлер моншалар мен қонақүйлерді, ойын-сауық ғимараттарын және тағы да басқа жезөкшелер мен притондардың болуы ықтимал деген орындарды басты назарға алды. Облыс бойынша криминалды полиция басқармасының полицейлері арнайы тәжірибелі қызметкерлерден топ құрып, тексеру жұмыстары жүргізілді.
Осылайша, жедел түрде іске асырылған іс-шаралар кешенінің аясында полицейлер облыс аумағынан жеңгетайлық пен притон ұйымдастырудың жайттарын анықтап, жолын кесті. Аталған жайттар ҚР ҚК-нің 309-бабы «Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері ескертеді: егер де сіз адам саудасына қатысты қылмыстың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, қандай-да бір ақпарат білсеңіз, «102» телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз. Оған қоса, полицейлер жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастырғаны немесе ұстағаны үшін, сондай-ақ пайдакүнемдік мақсаттағы жеңгетайлық үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделгенін ескертеді.