Есірткі сақтау заң бұзу болып табылады

Oinet.kz 02-07-2020 743

«Қарасора» жеделдетілген-профилактикалық іс-шарасы барысында үйінде марихуана сақтаған тұрғын полицейлердің қолына түсті. Ол есірткіні сарайының шатырына жасырып келген. 

Бәйдібек аудандық Полици бөліміне жергілікті тұрғындардың бірі өз үйінде есірткі затын заңсыз сақтап жүргендігі жөнінде хабарлама келіп түскен. Аталған жайты полицейлер Бәйдібек АПБ-не тіркеп, қажетті шараларды іске асырды.

Осы хабарлама бойынша оқиға орнына Бәйдібек АПБ-нің жедел-тергеу тобы шықты. Мұқият жүргізілген тексеру жұмыстары барысында күдікке ілінген тұрғынның ауласындағы сарайының шатырының астынан пакетке салынған есірткіге ұқсас хош иісті зат табылып, тәркіленіп алынды. Сараптама тағайындалды.

Зерттеудің қорытындысына сәйкес алынған заттың «кептірілген марихуана» екендігі анықталып, жалпы салмағы 30 граммға жуық болып шықты.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркеліп, күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі таңда полицейлер күдіктінің есірткі затын өзінде қандай мақсатпен сақтағанын анықтау үстінде.

Естеріңізге сала кетсек, ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап Түркістан облысының аумағында есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды анықтауға, жолын кесуге және алдын алуға бағытталған кең ауқымды республикалық "Қарасора" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Карантин кезінде құдалық өткізгендер жауапқа тартылады
Мотоциклді де заңсыз айдауға болмайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу