Екі күнде 20-ға жуық қару алынды
Түркістан облысында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасының 2 күнінде тұрғындардан 20-ға жуық қару алынды. Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбековтің бұйрығы негізінде облыс аумағында 20-22 мамыр аралығында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Аталған алдын алу іс-шарасының 2 күнінде тәртіп сақшыларымен 18 дана қару, оның ішінде 17 аңшы қару мен 1 травматикалық тапанша алынды. Оның арасында 13 аңшы қаруы мен 1 травматикалық тапанша тәркіленіп алынса, 4-дана аңшы қаруын тұрғындар өз еркімен тапсырған.
Одан бөлек, 11 дана тегіс ұңғылы қарудың оғы тәркіленді. 8 дана ойық ұңғылы қарудың оғын азаматтар өз еркімен тапсырды.
Тәркіленген, ерікті түрде тапсырылған 18 дана заңсыз қару Азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобы және ЖПҚ учаскелік полиция инспекторларымен алынды.
Облыс аумағында Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасының 2 тәулігінде 3000-нан астам қару иелері тексеріліп, нәтижесінде 122 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оларға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің екі бабымен жауапкершілік қаралды. 482-бап «Заңсыз қару сақтау» бойынша 12, 484-бап «Қарудың сақтау ережелерін бұзу» бойынша 110 құқықбұзушылық анықталып, хаттама толтырылды.
Мысалы, 21.05.2020 жылы Ордабасы ауданындағы тоғайдан 2 дана яғни ИЖ-17 маркалы 1 ұңғылы 16 калибрлі және ИЖ-18 маркалы 16 калибрлі 1 тегіс ұңғылы аңшы қаруын заңсыз алып жүрген тұрғын анықталып, қарулар айғақты зат ретінде алынды.
Сондай-ақ, 21.05.2020 жылы Кентау қаласының тұрғыны Хантағы ауылында өзен бойымен жылқы іздеп жүргенде аңшы қаруын тауып алғанын айтып, өз еркімен тапсырған. Тексеру кезінде ол еш жерде тіркеуде жоқ «ИЖ» маркалы 16 калибрлі қос ауызды тегіс ұңғылы аңшы қаруы болып шықты.
Оған қоса полицейлердің «ҚАРУ» жедел-профилактикалық іс-шарасы жайлы түсіндірме жұмыстары арқасында, кейбір тұрғындарымыз өз еркімен заңсыз қаруларын, оқ-дәрілерін тапсырған. Мәселен, Сайрам ауданы тұрғыны бұрын өз үйінен тауып алған, ойық ұңғылы қаруға арналған, 8 дана оқ-дәрілерді өз еркімен өткізген.
Атап өтер жайт, аталмыш іс-шараның негізгі мақсаты – Түркістан облысы аумағында заңсыз сақтаудағы қаруды және оқ-дәрілерді тәркілеуге, оларды сатып алу көздерін анықтауға, оны заңсыз жеткізу арналарын анықтау және оларды жоюға, қаруды заңсыз сақтау мен алып жүруімен айналысатын тұлғалар мен ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау, отты атыс қарумен жасалатын қылмыстардың алдын-алу, ескерту және оларды ашу, жедел жағдайды тұрақтандыру болып табылады.