Түркістанда полицейлер медициналық бетперделерді тегін таратты
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің коронавирус індетінің алдын алу мақсатында елімізде енгізілген карантин тәртібін сақтаумен қатар халыққа сақтық шараларын түсіндіру туралы тапсырмасын орындауға құқық қорғау органы қызметкерлері де атсалысуда. Осы мақсатта облыс орталығында полицейлер қоғамдық орындарда тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауы жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жұртқа тегін бетперделер таратты.
Бұдан бөлек, Түркістан ҚПБ ЖПҚ ППР-ның тәртіп сақшылары коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында автобус пен облыс орталығы Түркістан қаласындағы аялдамаларда, сондай-ақ халық көп шоғырланатын орындарда 200-ге жуық медициналық бетпердені тегін тарату бойынша акция өткізді.
Сақшылар базар аумағын тексеріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қоғамдық орындарда қорғаныс құралдарынсыз жүруге болмайтыны түсіндіріліп, бетперделерді тағып жүру қажеттігі, жеке гигиена және адамдар көп жиналатын жерлерде әлеуметтік қашықтықты сақтау қажеттілігі туралы ескертілді
Ал, қала тұрғындары полиция қызметкерлеріне көңіл бөлгендері және қажетті жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз еткендері үшін алғыстарын білдірді.
Оған қоса, полицейлер тұрғындарға егер қатты қажеттілік туындамаса, үйлерінен шықпауды ескертеді. Осы шаралардың барлығы тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жүргізіліп жатқанын атап өтуге болады.