Құқық қорғау қызметкерлері қарияларға үйлеріне барып қызмет көрсетті
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің полицейлерге қоятын басты талаптарының бірі – халыққа жақын болып, олардың қорғаны екенін көрсетіп, ашықтық орнату. Осы бағытта Түркістан облысы Полиция департаменті және оған қарасты қала-аудандық Полиция бөлімдерінде жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Келес аудандық Полиция бөлімі Көші-қон полиция тобының инспекторлары полиция капитаны Сәкен Сәрсенбаев пен Жанболат Рахимов аудандағы карантин режимі енгізілген уақытта жеке куәлігінің мерзімі өткен, жүріп-тұруы қиын қарттарымызға көшпелі қызмет түрін көрсетті. Нақтырақ айтсақ, ауданның егде жастағы тұрғындарының үйіне арнайы барып, жеке куәліктерін қайта рәсімдеуге көмек көрсетті. Осындай жанашырлыққа, кәсібилікке күміс алқа иегері К.Ермекова анамыз риза болып, полицейлерге өзінің алғысын жеткізді.
Полицейлердің осы сынды көмегін алғандар қатарында Қазығұрт ауданының тұрғындары да бар. Қазығұрт АПБ-нің қызметкерлерінен құрылған мобильді топ «Ұлы Отан соғысының» ардагерлері, «Тыл ардагерлерінің» үйлеріне дайын жеке куәліктерін алып барып, қолдарын қойдыртып, заңдастырып берді. Өз кезегінде ардагер Иса Телікбаев, Тұрсын Алтаева есімді қарияларымыз полиция қызметкерлеріне үлкен рахметін айтып, ақ батасын берді.
Қарттарымызды құрметтеп, ұлықтау мақсатындағы іс-шараға Мақтаарал АПБ-нің қызметкерлері де өз үлестерін қосты. Аудан тұрғындары арасында төлқұжаттарының мерзімі өткен қарт кісілерді, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қайта құжаттандыру аясында қарқынды қызметтер атқарды. Оның дәлелі ретінде айтар болсақ, Өнімгер ауылының тұрғыны, «Тыл ардагері» Сейділлә Молдабековтың үйіне арнайы барып, құжатын жаңалап, абыз ақсақалдың алғысына бөленді. Бұл жолы да қазыналы қартымыз тәртіп сақшыларына өзінің ризашылығын білдіріп, алдағы уақыттағы жұмыстарына табыс тіледі.
Өздеріңіз көріп тұрғандай, Түркістан облысы полицейлері қашанда халыққа жәрдемші, қорғаушы болу мақсатында қызмет атқарады. Бұл бағыттағы жұмыстар тәртіп сақшылары тарапынан өз жалғасын таба бермек.