Ұрыларды ұстаған полицейлерге алғыс айтты
Шардара ауданында полицейлер жайылымнан ірі қараларды айдап әкетіп ұрлап жігіттерді ұстады. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шардара АПБ-не жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша жайылымға шығарған 3 бас сиыры кешкісін қайта келмеген. Бір күн бойы өздері іздеп таба алмаған соң аудандық полиция бөліміне хабарлаған. Тіркеуге алынған дерек бойынша тұрғынға келтірілген шығын көлемі 700 мыңға жуық теңгені құрады.
Жоғалған сиырларды табу мақсатында тәжірибелі тәртіп сақшыларынан арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, шұғыл әрекетке кірісті. Полицейлер көрген-білгендерден жауап алып, жақын аймақтарды аралап шықты.
Бірнеше сағатқа жалғасқан жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде полицейлер күдіктілердің ізіне түсті. Жинақталған ақпарат көздеріне сәйкес, ұрлықты жасаған 3 жас жігіт болып шықты. Олардың екеуі жергілікті тұрғын болса, біреуі көрші ауылдың тұрғыны екен.
Тергеу барысында анықталғандай таныс жас жігіттер, сиырларды «Газель» автокөлігіне артып алып кетеді де, 60-70 шақырым қашықтықта орналасқан көрші ауылға апарып, ауыл шетіндегі мал қораға қамаған. Осылайша мал ұрлап сатпақшы болған жас жігіттердің ойы іске аспай, тәртіп сақшыларының қырағылы арқасында ұсталды. 3 бас сиыр айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды.
Одан бөлек, полицейлердің кәсіби шеберлігінің арқасында, күдіктілердің тағы осындай 3 мал ұрлығына қатысы бары анықталды. Күдіктілердің айтуынша, былтыр жайылымнан 3 тұрғынға тиесілі 6 бас сиыр ұрлап, алыпсатарларға әрқайсысын 160 мың теңгеден сатып жіберген. Осылайша өздері кінәларын толық мойындады. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Екі күдікті қамауға алынса, ал үшіншісі «қолхатта». Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабымен тіркелді.
Өз кезегінде арызданушы әйел «Полицейлерге ризашылығымды білдіремін! Себебі, олар бір күн болмай, жедел іздестіріп, жоғалған сиырларымды тауып берді. Мал ұрыларын да ұстады. Алғыс айтамын, жұмыстарына табыс тілеймін» - деп алғысын жаудырды.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға малдарыңызды қараусыз қалдырмаңыздар деп ескертеді. Сондай-ақ, уақытылы ен-таңбаларын салдыртып, қора-жайларыңызды мықтылап бекітіңіздер деп кеңес береді. Егерде, сіздің малыңыз жоғалып немесе ұрланса тез арада полицияның «102» нөміріне хабарласыңыздар.