Түйе ұрлаған күдіктіні кентаулық полицейлер ұстады

Oinet.kz 18-05-2020 689

бота-тайлак.jpg

Кентау қаласының полиция қызметкерлері түйе ұрлығына қатысты күдіктіні ұстады. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кентау қаласының Полиция бөліміне қала жанындағы ауылдардың бірінен жергілікті тұрғын арызданып, мал ұрлығы болғанын жеткізді. Жәбірленушінің айтуынша, ағымдағы жылдың сәуір айында белгісіз тұлғалар оның 6 түйесін (тайлақ) жайылымнан ұрлап кеткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК 188-1 бабы "мал ұрлығы" бойынша СДТТБТ-ға тіркеп, жедел-іздестіру іс-шараларына кірісті. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі екі миллионға жуық теңгені құрады.

Кентау қаласының полициясында тәжірибелі қызметкерлер қатарынан жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды аралап, куәгерлерден жауап алды, сондай-ақ мал таситын автокөліктерді және үй малын сататын орындарды тексерді.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері мал ұрлығының ізіне шығып, күдіктіні ұстады. Ол бұрын сотталған Түркістан қаласының тұрғыны болып шықты. Полиция қызметкерлері ұрланған малдың бір бөлігін тәркілеп, заңды иесіне қайтарды. Тергеу барысында анықталғандай, күдікті жайылымдарда адамдардың жоқтығын пайдаланып, иесіз малды ұрлап кеткен. Содан кейін ұрланған түйелерді сатып, ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған. Қазіргі уақытта "мал ұрлығы" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы және күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.

Түркістан облысының полицейлері ауыл тұрғындарына қырағы болып, малдарын қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Шаруашылық аулалар мен қора-жайларды сенімді қоршаумен нығайтып, құлыптар мен жарық орнату қажет. Сондай-ақ, үй малына ен-таңба салдырып, бақташы жалдау керек. Егер сіз мал ұрлығының құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада "102" телефоны арқылы полицияға хабарласыңыз.

Түркістан облысының полицейлері сора егумен айналысқан күдіктіні анықтады
Жүргізу құқынан айырылса да мас хәлде көлік басқарып қолға түсті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу