Көлікті айдап кеткендер мас күйінде ұсталды
Сарыағаш ауданының полицейлері көлікті ұрлап айдап кеткен күдіктілерді мас күйінде қолға түсірді. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өзгенің көлігін заңсыз айдап кету жайты Сарыағаш ауданында да орын алды. Бұл жолы Сарыағаш АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып, ауылдың ішіндегі көшелердің бірінде орналасқан шаштаразға шаш алдыру үшін тоқтап, көлігін ашық күйде қалдырып кеткенін, шашын алдырып шыққанында көлігін таппай қалғанын жеткізді. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 600 мың теңгені құрады.
Орын алған қылмыстың ізін суытпай ашу мақсатында полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Жан-жақта блок-посттарда тұрған полицейлерге бағыттама берілді. Соның нәтижесінде келесі күні Сарыағаш АПБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторлары полиция майоры Ильяс Егізбаев пен полиция капитаны Сержан Құлжанов іздеудегі көлікті байқап қалып, көлікке барады. Тексеру барысында ішінде ішімдікке тойып алған екі тұрғынның бары анықталды. Тез арада АПБ-не хабарлама беріліп, ұсталған азаматтар айықтырғыш орнына жатқызылды. Автокөлік Сарығаш АПБ ауласына қойылды.
Тергеу барысында бір көшеде тұратын екі таныс мас халде келе жатып, есігі ашық, аузында кілті тұрған көлікті көріп қалып, мініп кеткені анықталды. Бас шарасы «қолхатта».
Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 200-бабымен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.