Жетісай полицейлері төтенше жағдайда тұрғындарға құқықтарын түсіндіріп, сабыр сақтауға шақырады
Елімізде коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай тәртібін карантинге жабылған Жетісай ауданының полицейлері жергілікті тұрғындарға түсіндірді. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігі хабарлады.
– Төтенше жағдай режимін бұзған азаматтар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 476-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Құқықбұзушылыққа жол берген азаматтарға әкімшілік шараны қолдану соттың құзыретіне жатады. Яғни, сот қаулысымен ескерту беріледі немесе 10 АЕК мөлшерінде /26510/ әкімшілік айыппұл салынады, тіпті 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Сондықтан, төтенше жағдай кезінде қауіпсізді шараларын сақтап, карантин режимін бұзбай, тәртіпке бағыныңыздар. Сіздердің амандықтарыңыз біз үшін өте маңызды. Полицейлер сіздер үшін тәулік бойы қызмет атқаруда. Коронавирустың ауданға таралмауына мүмкіндігінше ат салысуда. Бірінші орынға халықтың денсаулығын қойып, жұмыс жасауда. Ол сіз үшін жұмыста қалды. Ал, сіздер үйде болыңыздар, – деп ескертеді Жетісай аудандық Полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Ермахан Абдраманов.
Бірақ осындай ескертулерге қарамастан заң бұзып жатқан азаматтар да табылды. Жетісай полицейлері 9 тұрғынды әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Оның біреуіне ескерту берілсе, бесеуіне қатысты 10 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынған, ал үш азамат 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.
– Сонымен қатар, коронавирус індетінің ауданда таралуының алдын алу мақсатында полиция қызметкерлерімен күнделікті сағат 19:00-ден кейін адамдардың топтасып жүрмеуін қамтамасыз етіп, Жетісай қаласында рейд жүргізуде. Себепсіз жүрген автокөліктер тоқтатылып, жүргізушілерге ескертіліп, тиісті алдын алу шаралары атқарылуда, – дейді Ермахан Абдраманов.
Түркістан облысының тәртіп сақшылары азаматтарға сақтық шараларын жасауға кеңес береді. Адамдар көп шоғырланатын аймақтарға барудан бас тартыңыздар. Ауданда барлық ойын-сауық орындарының жұмысы тоқтағандықтан, кешкі сағат 19:00-ден таңғы сағат 06:00-ге дейін көліктердің жүріп-тұруына тыйым салынған. Сол себепті, үйде болыңыздар!