Жетісайда полиция заңсыздықтарды анықтады
Жетісай ауданында төтенше жағдай режимін бұзған тағы бес бірдей жайтты анықталды. Бұл туралы RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігі Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Мемлекет басшысының қаулысымен республикамызда жарияланған төтенше жағдайға байланысты Түркістан облысының полицейлері күшейтілген режимде жұмыстарды атқарып, арнайы рейдтік жұмыстарды жүргізуде. Осындай кезекті рейд барысында Жетісай ауданында төтенше жағдай режимін сақтамаудың 5 бірдей жайты анықталды.
Соның бірі – Жетісай қаласындағы ойынханалардың бірі түнгі уақытта азаматтарды қабылдап, сақтық шараларын ұстанбай қызмет көрсетіп отырған. Одан кейінгі жайттар – үш күн ішінде қатарынан ұйымдастырылған үш беташар тойы. Полицейлердің тұрақты түрдегі қадағалауының нәтижесінде төтенше жағдайды бұзып, адамдардың басын қосып жиын ұйымдастырған 3 азаматша анықталды. Ал бесінші жайт, қала аумағындағы дәмханаларды тексеру кезінде орын алды. Төтенше жағдайдың талаптарына сәйкес, шектеулерді ескерместен қала аумағындағы дәмхана иесі тұрғындарға қызмет көрсетіп келген.
Жоғарыдағы 5 жайтқа байланысты Жетісай аудандық полиция бөлімінің полицейлері Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 476-бабы «Төтенше жағдай режимін бұзу» бойынша хаттамалар толтырды. Үш жайтқа байланысты соттың шешімімен айыппұл салынса, қалған жайттарға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері төтенше жағдай кезінде заң талаптарына сәйкес әрекет етіп, мүмкіндігінше сақтық шараларын ескеріп, медицина мамандарының айтқан ережелерін қатаң ұстану қажеттігін ескертеді.