Жетісайда ойынхана иесі қамауға алынды
Түркістан облысында полиция қызметкерлері 16 наурыздан 1 сәуірге дейін төтенше жағдай кезінде 70-тен астам құқықбұзушылықты анықтады. Бұл туралы RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігі Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес еліміздің барлық аумағында 16-наурыздан 15-сәуірге дейін төтенше жағдай енгізілген. Төтенше жағдай басталғаннан бері Түркістан облысының полицейлері төтенше жағдай режимін бұзудың 71 жайтын анықтады. Нәтижесінде тәртіп бұзушыларға 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды, оның ішінде 17 адам әкімшілік қамауға алынды.
Жетісай қаласында тәртіп сақшылары төтенше жағдай режиміне қарамастан жұмыс істеген А.Байтұрсынов көшесіндегі азық-түлік дүкенінің екінші қабатында орналасқан ойынхананы анықтады. Тәртіп бұзушыға қатысты полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 476-бабымен "төтенше жағдай режимін бұзу" туралы хаттама толтырды. Нәтижесінде ойынхананың иесі 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға төтенше жағдай режимін сақтау қажеттігі туралы қатаң ескертеді. Бүкіл әлем мен елдегі жағдайдың маңыздылығын толық түсініп, сақтық шараларын жасауға шақырады.