Бильярд клубының иесі заң бұзғаны үшін қамауға алынды
Кентау қаласында азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін енгізілген төтенше жағдай режимін бұзған азамат бес тәулікке қамауға алынды. Өз кінәсін мойындаған кәсіпкер дүкенінің екінші қабатындағы бильярд пен теннис ойынханасына адамдар қабылдап қызмет көрсетуін тоқтатпаған. Бұл туралы RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігі Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Кентау қалалық Полиция бөліміне қарасты Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы М.Байдилдаевтың айтуынша, елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері тәртіп сақшылары күні-түні жұмыста болып, күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Ауыл ішінде адамдар тобының жиналуына жол бермей, кафе-дүкендердің тек бекітілген уақытпен жұмыс жасауын қадағалауда. Осындай тексеру жұмыстары барысында ауылдағы дүкеннің бірінің екінші қабатында орналасқан бильярд пен теннис ойынханасының азаматтарды қабылдап, қызмет көрсетіп жатқанын анықтаған. Төтенше жағдай режимін сақтамай, құқықбұзушылық жасаған азамат өз кінәсін толық мойындады.
Аталған жайт бойынша ойынхананы ашып, тұрғындарға қызмет көрсеткен азамат Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 476-бабымен «Төтенше жағдай режимін бұзу» бойынша кінәлі деп танылып, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.