Созақта құмар ойын кеңсесінің басшысы қамауға алынды
Түркістан облысы полицейлері төтенше жағдай кезінде тұрғындарға қызмет көрсеткен букмекерлік кеңсе әкімшісін қамауға алды. Бұл туралы RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Созақ ауданының полицейлері кезекті рейд барысында ауылдардың бірінде букмекерлік кеңсе адам қабылдап, жұмыс жасап жатқанын анықтады. Мұны анықтаған полицейдің айтуынша, төтенше жағдай жарияланып, тыйым салынғаннан кейін, яғни 18-19 наурыз күндері ойын-сауық орнының жұмысы тоқтатылу керек деп, аталған букмекерлік кеңсеге бірнеше рет ескерту жасаған. Алайда букмекерлік кеңсе әкімшісінің оған құлақ аспастан 23 наурыз күні адам қабылдап отырғаны белгілі болды. «Қазақстан Республикасы Президентінің 15.03.2020 жылғы Жарлығының талаптарын өрескел бұзған аталмыш тұрғынға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476-бабы “Төтенше жағдай режимiн бұзу» бойынша хаттама түзіліп, аудандық соттың қаулысымен кінәлі деп танылып, 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Түркістан облысы Полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген режимде қызмет жасауда. Яғни, күні-түні рейдтік жұмыстарды жүргізіп, қандай да бір адам көп жиналатын басқосулар, той-жиындар, іс-шараларды өткізуге тыйым салып, қауіпсіздік шараларын қадағалауда.
Түркістан облысы полицейлері ойын-сауық, сауда орталықтары мен кафе-бар, тойхана иелеріне ескертеді: төтенше жағдай кезінде заң талаптарына сәйкес әрекет етіп, мүмкіндігінше көп адам шоғырлануына жол бермеңіздер. Бұл өзіңіздің де, өзгелердің де денсаулықтары үшін қажет болмақ.