Заңды білу – қауіптен сақтанудың бір жолы

Oinet.kz 25-09-2026

image.png

Жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және құқық бұзушылықтың алдын алу – «Заң және тәртіп» қағидатын қалыптастырудың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта Қаратау ауданының прокуратурасы аудан аумағындағы №132 мектепте «Нашақорлыққа жол жоқ» жобасы аясында кездесу өткізді.

Іс-шара барысында оқушылар мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, құқықтық мәселелер бойынша нақты түсіндірмелер алды. Кездесуде жасөспірімдер арасында жиі талқыланатын және қауіп тудыруы мүмкін бірнеше тақырыпқа назар аударылды.

Соның бірі – есірткінің адам өмірі мен денсаулығына келтіретін зияны және оны таратуға, насихаттауға немесе заңсыз айналымына қатысуға байланысты жауапкершілік. Оқушыларға есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың салдары түсіндіріліп, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтыны айтылды.

Кездесуде интернет пен телефон алаяқтығының алдын алу мәселесіне де ерекше мән берілді. Қазіргі таңда цифрлық ортада алаяқтар түрлі тәсілдерді пайдаланып, азаматтардың сеніміне кіруге тырысады. Осыған байланысты оқушыларға бейтаныс адамдардың қоңырауы мен хабарламаларына сақтықпен қарау, жеке мәліметтерді, банк картасының деректерін және құпия кодтарды бөгде адамға бермеу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

«Заң және тәртіп» қағидаты тек құқық бұзушылық орын алғаннан кейін шара қолданумен шектелмейді. Оның маңызды бөлігі – құқық бұзушылыққа жеткізетін жағдайлардың алдын алу, азаматтардың заң талаптарын білуіне жағдай жасау және әсіресе жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру.

Мектеп қабырғасындағы осындай кездесулер оқушылардың өз құқықтары мен міндеттерін түсінуіне мүмкіндік береді. Қандай жағдайда заң бұзылатынын және оның қандай салдарға әкелетінін ерте білу жасөспірімнің қауіпті әрекеттен бойын аулақ ұстауына ықпал етеді.

Мамандар оқушыларды заң талаптарын құрметтеуге, күмәнді ұсыныстарға ермеуге және қандай да бір құқық бұзушылыққа куә болған жағдайда тиісті органдарға хабарлауға шақырды.

Құқықтық сауаты жоғары қоғамда заңға деген құрмет те берік болады. Сондықтан мұндай профилактикалық кездесулерді тұрақты өткізу – қауіпсіз орта қалыптастырудың және «Заң және тәртіп» қағидатын жас буынның күнделікті түсінігіне айналдырудың маңызды тетігі.

Қабырғадағы есірткі жарнамасы бойынша күдікті ұсталды
Алимент төлеу – ата-аналық міндет қана емес, заң талабы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу