Қабырғадағы есірткі жарнамасы бойынша күдікті ұсталды

Шымкентте тұрғын үйлердің қабырғаларына есірткі заттарын насихаттайтын жазулар түсіріп, оны заңсыз жарнамалауға қатысы бар күдікті ұсталды. Құқық бұзушылықтың жолын Қаратау ауданы полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында кесті.
Полиция анықтағандай, күдікті онлайн-платформа арқылы сыйақы алу мақсатында қала аумағындағы тұрғын үйлердің қабырғаларына есірткі заттарын насихаттайтын граффити жазуларын түсіруге келіскен. Нәтижесінде бірнеше тұрғын үйдің қабырғасына осындай сипаттағы 15 жазу салған.
Мұндай әрекет қоғамдық кеңістіктің тазалығы мен тәртібіне ғана емес, тұрғындардың қауіпсіздігіне де кері әсер етеді. Есірткі заттарын насихаттайтын жазулардың қала көшелерінде пайда болуы, әсіресе жастарға теріс ықпал етуі мүмкін. Сондықтан қоғамдық орындарда мұндай заңсыз жарнаманың таралуына жол бермеу – құқық қорғау органдарының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті.
«Заң және тәртіп» қағидаты құқық бұзушылықтың алдын алумен қатар, заң талаптарын бұзған тұлғалардың жауапкершілігін қамтамасыз етуді көздейді. Қоғамдық кеңістікті есірткі насихатынан қорғау осы бағыттағы жұмыстың маңызды бөлігі. Бір қарағанда қабырғаға жазылған бірнеше сөз болып көрінгенімен, оның артында заңсыз есірткі айналымын кеңейтуге бағытталған әрекет тұруы мүмкін.
Оқиға орнын тексеру кезінде граффити жасауға пайдаланылған аэрозоль бояуы мен трафарет тәркіленді. Жиналған материалдар негізінде аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тергеу барысында оның әрекетінің барлық мән-жайы, онлайн-платформа арқылы берілген тапсырманың сипаты және құқық бұзушылыққа қатысы бар өзге де тұлғалар анықталатын болады.
Полиция департаменті есірткі заттарын заңсыз жарнамалау мен насихаттаудың қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Қолданыстағы заңнамада мұндай әрекеттер үшін бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған.
Қоғамдық кеңістік – баршаға ортақ орта. Сондықтан оны есірткі насихатынан қорғау, заң талаптарын сақтау және құқық бұзушылыққа немқұрайлы қарамау – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызды шарты.


