Ақ халатты жастарға киберқауіпсіздік жолдары түсіндірілді

Қыркүйек – Кибермәдениет айына орай Шымкент қаласының Цифрландыру басқармасының ұйымдастыруымен Авицена медициналық колледжінде ақпараттық-түсіндіру жиыны өтті. Шараға студенттер мен оқытушылар қатысып, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған цифрлық ортадағы қауіпсіздік мәселелерін талқылады.
Қазір интернет тек ақпарат іздейтін немесе байланыс жасайтын құрал емес, оқу, жұмыс, қаржы операциялары мен түрлі мемлекеттік қызметтер пайдаланылатын ортаға айналды. Осыған байланысты цифрлық кеңістіктегі қарапайым сақтық талаптарын білу әр азамат үшін маңызды. Әсіресе жастардың интернетті белсенді пайдаланатынын ескерсек, жеке деректерді қорғау мен күмәнді ақпаратты ажырата білу дағдысының маңызы артып отыр.
Кездесуде интернет алаяқтығының кең тараған тәсілдері, бейтаныс адамдардан келетін қоңыраулар мен хабарламалар, жалған сілтемелер және күмәнді ұсыныстар туралы айтылды. Қатысушыларға банк картасының деректерін, құпиясөздерді, SMS арқылы келетін растау кодтарын бөгде адамдарға бермеу, белгісіз сілтемелерді ашпау және күмәнді ресурстарға жеке мәлімет енгізбеу жөнінде кеңестер берілді.
Іс-шараға Цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Ұлықбек Ернар Қайратұлы және Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Ердәулет Қанатұлы қатысып, цифрлық қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелерді түсіндірді. Мамандар студенттердің сұрақтарына жауап беріп, интернеттегі қауіптің алдын алу үшін қандай әрекеттерге мән беру керектігін нақтылады.
Киберқауіпсіздік адамның өзінен басталады. Күмәнді хабарламаға жауап бермеу, ақпараттың дереккөзін тексеру, құпия мәліметтерді жария етпеу секілді қарапайым әдеттердің өзі интернеттегі көптеген қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді.
Кибермәдениет айы аясындағы мұндай түсіндіру жұмыстары студенттердің цифрлық сауатын арттырып қана қоймай, интернет кеңістігін жауапкершілікпен пайдалануға бағыт береді. Заң мен тәртіп қағидаты цифрлық ортада да өз мәнін жоғалтпайды: қауіпсіздік – заңды білу мен оны сақтаудан басталады.


