Интернетті қауіпсіз пайдалан!

Цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздік – бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі. Осыған орай Шымкент қаласының Цифрландыру басқармасының ұйымдастыруымен Жол-көлік колледжінде ақпараттық-түсіндіру шарасы өтті. Жиынға студенттер мен оқытушылар қатысып, күнделікті өмірде жиі кездесетін цифрлық қауіптерден қорғану жолдарын талқылады.
Бүгінде интернет жастардың оқуына, қарым-қатынасына және ақпарат алуына кең мүмкіндік беріп отыр. Алайда цифрлық кеңістіктің мүмкіндігі артқан сайын, ондағы қауіп түрлері де көбейіп келеді. Әсіресе интернет алаяқтығы, жалған сілтемелер, фишингтік хабарламалар, әлеуметтік желідегі күмәнді аккаунттар мен жеке мәліметтерді заңсыз иемденуге бағытталған әрекеттер азаматтар үшін маңызды мәселеге айналды.
Кездесу барысында Цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Қырғызбаев Ернұр және Шымкент қаласы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Бекбаев Бахытжан Турсунбаевич киберқауіпсіздіктің негізгі талаптарына тоқталды. Мамандар интернет алаяқтарының қолданатын тәсілдері туралы айтып, күмәнді қоңырау немесе хабарлама түскен жағдайда қандай әрекет жасау керектігін түсіндірді.
Қатысушыларға банк картасының нөмірі мен құпия деректерін бөгде адамға бермеу, SMS арқылы келген растау кодтарын айтпау, белгісіз сілтемелерді ашпау және күмәнді қосымшаларды жүктемеу қажеттігі ескертілді. Сонымен бірге әлеуметтік желілерде жеке ақпаратты шамадан тыс жариялаудың қауіптері де түсіндірілді. Кез келген ақпаратты тексеріп барып қабылдау, белгісіз дереккөзге бірден сенбеу де цифрлық қауіпсіздіктің қарапайым ережелерінің қатарында.
Бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстары «Заң мен Тәртіп» қағидатының алдын алу ұстанымымен үндеседі. Құқықтық тәртіпті сақтау бүгінгі таңда тек қоғамдық орындардағы мінез-құлықпен шектелмейді. Цифрлық ортада да заң талаптарын сақтау, өзгенің құқығына қол сұқпау, алаяқтық әрекеттерге жол бермеу және жеке деректерді қорғау – әр азаматтың жауапкершілігі.
Кездесу соңында қатысушылар мамандарға көкейкесті сұрақтарын қойып, интернеттегі қауіпсіздікке қатысты нақты жауаптар алды. Кибермәдениет – технологияны қолдану шеберлігі ғана емес, цифрлық кеңістікте өз құқығың мен жауапкершілігіңді білу мәдениеті.


