Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды

Абай ауданының прокуратурасы «Bala Protect» жобасы аясында жалпы білім беру ұйымдарының оқушылары арасында профилактикалық дәріс өткізді. Кездесудің негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттырып, заң талаптарын сақтауға деген жауапты көзқарасын қалыптастыру.
Іс-шара «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары шеңберінде өтті. Өйткені заңды құрметтеу мен өз әрекетінің салдарын түсіну бала кезден қалыптасады. Жасөспірім құқық пен міндетін неғұрлым жақсы білген сайын, түрлі келеңсіз жағдайларға тап болған кезде дұрыс шешім қабылдау мүмкіндігі де артады.
Дәріс барысында оқушыларға қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, құқық бұзушылық пен қылмыс жасағаны үшін көзделген жауаптылық туралы ақпарат берілді. Мамандар жасөспірімнің «білмедім» деген уәжі заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайтынын түсіндіріп, әр әрекеттің құқықтық салдары болуы мүмкін екеніне назар аударды.
Кездесуде кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттері де кеңінен сөз болды. Оқушыларға құқықтарын білу қаншалықты маңызды болса, өзге адамның құқығы мен заңды мүддесін құрметтеу де соншалықты маңызды екені айтылды. Қауіпсіз мінез-құлық, қоғамдық орындардағы тәртіп, құрдастарымен қарым-қатынас кезінде шектен шықпау мәселелеріне де назар аударылды.
Жасөспірімдердің құқыққа қайшы әрекеттерге тартылуының алдын алу мәселесі бөлек қарастырылды. Қазір балалардың түрлі ақпаратты әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жылдам қабылдайтыны ескеріліп, күмәнді ұсыныстарға ермеу, бейтаныс адамдардың тапсырмаларын орындамау және заңсыз іске шақыратын әрекеттерден аулақ болу қажеттігі түсіндірілді.
«Заң мен Тәртіп» қағидаты құқық бұзушылық орын алғаннан кейін ғана шара қолданумен шектелмейді. Оның маңызды бағыты – алдын алу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және азаматтардың заң талаптарын күнделікті өмірде сақтауына жағдай жасау. Осы тұрғыдан алғанда, мектеп оқушыларына арналған түсіндіру жұмыстарының маңызы зор.
Кездесу соңында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, заң талаптарына қатысты түсініктерін нақтылады. Құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған мұндай дәрістер жасөспірімнің өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауына және қауіпсіз орта қалыптастыруға ықпал етеді.


