Цифрлық жүйе – бақылау мен қауіпсіздікті күшейтеді

Шымкентте цифрландыру жұмыстары түрлі салаларға енгізіліп, тұрғындар үшін көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталуда. Қалада қолға алынған жобалардың бірі – әскерге шақырылушыларды медициналық тексеруден өткізу кезінде «Face ID» технологиясын пайдалану. Жаңа жүйе тек цифрлық мүмкіндікті кеңейтіп қана қоймай, медициналық комиссия жұмысының ашықтығы мен жүйелілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Енді әскерге шақырылушылардың медициналық тексеруден өтуі «Face ID» арқылы тіркеледі. Жүйе азаматтың жеке басын автоматты түрде анықтап, оның медициналық сараптамадан өткен уақытын белгілейді. Осылайша әр шақырылушының комиссиядан өту барысы цифрлық жүйеде тіркеліп, қажетті ақпаратты бақылауға мүмкіндік туады.
Мұндай тәсіл медициналық тексеруден қайталап өту жағдайларының алдын алуға және азаматтың комиссиядан толық өткенін нақты тіркеуге бағытталған. Бұған қоса, цифрлық тіркеу үдерісті реттеп, адами факторға байланысты туындауы мүмкін мәселелерді азайтуға ықпал етеді.
«Бұл жүйе азаматтардың екінші қайта қайталап өтуіне жол бермеу, азаматтар арасында мед комиссиядан өтпей кету мәселесінің алдын алу, яғни азаматтардың дәлелдемесі ретінде жүргізілетін болады. Олардың мед комиссиядан, тексеруден толық өткені жөнінде», – дейді Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Әжімұхан Шынтаев.
Цифрлық технологиялардың артықшылығы мұнымен шектелмейді. Шымкентте тұрғындардың қауіпсіздігі мен жедел қызметтердің жұмысын жетілдіруге бағытталған өзге де жобалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде жедел жәрдем көлігінің қозғалысын бақылау, оның шақырту орнына уақытылы жетуіне жағдай жасау сияқты цифрлық шешімдер бар.
Жалпы, мұндай жобалар цифрландырудың күнделікті өмірге тікелей әсерін көрсетеді. Ақпаратты автоматты түрде тіркеу, бақылау және өңдеу мүмкіндіктері мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттырып, тұрғындар үшін ашық әрі қолайлы жүйе қалыптастыруға жол ашады. Шымкентте цифрлық шешімдерді нақты қажеттіліктерге бейімдеп енгізу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.


