Шымкентте туу туралы куәліктің 15 мыңға жуығы онлайн рәсімделді

Oinet.kz 15-09-2026

image.png

Цифрлық технологиялардың дамуы мемлекеттік қызметтерді халыққа қолжетімді әрі ыңғайлы форматта ұсынуға мүмкіндік беріп отыр. Шымкентте де осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, азаматтардың көптеген қызметті үйден шықпай-ақ электронды түрде алуына жағдай жасалуда. 

Қалада жыл басынан бері 15 мыңға жуық нәрестенің туу туралы куәлігі электронды форматта рәсімделген. Бұл көрсеткіш тұрғындардың цифрлық қызметтерді пайдалануға деген қызығушылығы артып келе жатқанын аңғартады. Ал 2 мыңнан астам ата-ана құжаттарын дәстүрлі жолмен, яғни халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы алған.

Азаматтық хал актілерін тіркеу басқармасының басшысы Дана Байжомартованың айтуынша, ата-аналар баланың туу туралы куәлігін бірнеше цифрлық арна арқылы рәсімдей алады. Ол үшін электронды үкімет порталының қызметтерін немесе екінші деңгейлі банктердің мемлекеттік қызметтерді ұсынатын мобильді қосымшаларын пайдалануға болады. Мемлекеттік қызмет екі жұмыс күні ішінде көрсетіледі.

Онлайн өтініш беру үшін баланың туғанын растайтын медициналық анықтама және ата-аналардың жеке куәліктері қажет. Электронды қызметтің басты артықшылығы – азаматтардың мемлекеттік мекемеге арнайы барып, кезек күтпей-ақ құжат рәсімдеуіне мүмкіндік берілуі. Дайын туу туралы куәлікті жедел пошта арқылы немесе үйге жақын пошта бөлімшесінен алуға болады.

Бұған қоса, ата-аналардың өзге өңірде болуы немесе баланың шетелдегі перзентханада дүниеге келуі де құжат рәсімдеуге кедергі келтірмейді. Мұндай жағдайда Қазақстан азаматтары баланың тууын тіркеу үшін Қазақстан Республикасының шетелдегі елшілігіне немесе консулдығына жүгіне алады.

Шетелде туған баланың құжаттарын рәсімдеу кезінде сол мемлекеттің құзыретті органы берген туу туралы құжат ұсынылады. Құжаттың берілген еліне және халықаралық талаптарға байланысты оған апостиль қою, сондай-ақ қазақ немесе орыс тіліне аудару қажеттілігі туындауы мүмкін.

Маманның айтуынша, азаматтардың ХҚКО мен АХАТ бөлімдеріне бармай-ақ бірқатар қызметті электронды түрде алуы – цифрлық мемлекеттік қызметтердің дамып келе жатқанының маңызды көрсеткіші. Тұрғындар электронды сервистерді күнделікті өміріне енгізген сайын мемлекеттік қызмет көрсету үдерісі де барынша жедел әрі ыңғайлы бола түспек.

Киберқауіпсіздікке мән беру – заман талабы
Цифрлық жүйе – бақылау мен қауіпсіздікті күшейтеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу