Киберқауіпсіздікке мән беру – заман талабы

Oinet.kz 13-09-2026

image.png

Қыркүйек – Кибермәдениет айы. Осыған орай Шымкент қаласының Цифрландыру басқармасы ұйымдастырған кезекті ақпараттық кездесу Шымкент университетінде өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттер мен оқытушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлер туралы түсінігін кеңейту және жеке деректерді қорғау мәдениетін қалыптастыру.

Кездесуге Шымкент қаласы Цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Қырғызбаев қатысып, қазіргі цифрлық ортадағы қауіпсіздік мәселелеріне тоқталды. Ол студенттер мен оқытушыларға интернетті қауіпсіз пайдалану, жеке ақпаратты қорғау, әлеуметтік желілердегі қауіптерден сақтану және цифрлық технологияларды жауапкершілікпен қолдану жөнінде түсіндірді.

Сонымен қатар, іс-шараға Шымкент қаласы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері, полиция капитандары Ердаулет Қанатұлы Ералиев пен Бахытжан Турсунбаевич Бекбаев қатысып, интернет алаяқтығының кең таралған түрлері туралы ақпарат берді. Мамандар фишингтік хабарламаларды ажырату, күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз адамдарға банк картасының деректері мен SMS арқылы келетін растау кодтарын бермеу қажеттігін ескертті.

Кездесу барысында әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таралатын жалған хабарламаларға, күмәнді жарнамалар мен «оңай табыс» туралы ұсыныстарға сақтықпен қараудың маңыздылығы айтылды. Мамандардың сөзінше, алаяқтар адамдарды алдау үшін күн сайын жаңа тәсілдерді қолданатындықтан, цифрлық ортада қырағылық таныту әр азамат үшін маңызды.

Шара соңында студенттер мен оқытушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. Қатысушыларға киберқауіпсіздікке қатысты пайдалы кеңестер беріліп, интернеттегі қауіптің алдын алу үшін қарапайым қауіпсіздік талаптарын тұрақты сақтаудың маңыздылығы түсіндірілді.

Кибермәдениетті қалыптастыру – цифрландыру үдерісінің маңызды бөлігі. Өйткені заманауи технологияларды тиімді пайдалану оларды қауіпсіз әрі жауапкершілікпен қолдану мәдениетімен қатар жүруі тиіс. Осындай ақпараттық кездесулер азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттырып, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлерге қарсы сақтық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.

Қаратауда құқық бұзушылықтың алдын алу күшейтілді
Шымкентте туу туралы куәліктің 15 мыңға жуығы онлайн рәсімделді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу