Енді жедел-жәрдемнің бағытын телефоннан бақылауға болады

Oinet.kz 15-09-2026

image.png

Шымкентте цифрлық жаңашылдықтар жедел жәрдем қызметіне де енгізіліп отыр. Енді тұрғындар шақырған медициналық бригаданың қай жерде келе жатқанын арнайы сілтеме арқылы телефоннан бақылай алады. Бұл әсіресе жаңа құрылыс аумақтарында мекенжайды жылдам табуға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, жүйенің енгізілуі диспетчерлерге түсетін жүктемені бес есеге азайтқан.

«Жүйенің жұмыс істеу принципі такси қызметіне ұқсас. Тұрғын шақырту берген кезде жедел жәрдем көлігінің орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік алады. Бұл әсіресе жаңа құрылыс аумақтарында маңызды. Себебі мұндай жерлерде мекенжайды анықтау қиын болуы мүмкін. Ал жүйедегі геолокация арқылы жедел жәрдем көлігі қажетті нысанды нақты таба алады»,- дейді Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов. 

Қалада жедел жәрдем көлігінің қозғалысын жеделдетуге арналған «жасыл дәліз» жобасы да жұмыс істейді. Арнайы жүйе жедел жәрдем көлігі жақындаған кезде бағдаршамның тиісті бағытын автоматты түрде жасыл түске ауыстырып, көліктің кептелісте ұзақ тұрып қалмауына жағдай жасайды.

Сонымен қатар жедел жәрдем фельдшерлері бейнежетондармен қамтамасыз етілген. Құрылғыдағы бейнематериалдар Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Жетонда SOS батырмасы бар, ал арнайы бейнеаналитикалық жүйе қауіп төнген жағдайда белгі беруге мүмкіндік береді.

 «Қазір көрсеңіздер, жедел жәрдем фельдшерлерінде әрқайсысында видео-жетон болады. Ол жетондағы видеоматериал біздің ПД-нің жедел басқару орталығына жалғанған. Ол жерде SOS кнопкасы бар. Ол дер кезінде көмек шақыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ онда арнайы бейнеаналитикалық жүйе бар. Арнайы «КӨМЕК» деген сөзді айтқан кезде оған реакция жасап, 102 пультіне қоңырау түседі»,- дейді Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов.  .

Айта кетейік, аталған цифрлық жобалардың барлығын шымкенттік мамандар әзірлеген. Қалалық цифрландыру басқармасы жергілікті IT-мамандардың әзірлемелерін қолдауға басымдық беріп отыр. Осылайша цифрлық технологиялар қаладағы түрлі саланың жұмысын оңтайландырып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығын арттыруға қызмет етуде.

Цифрлық жүйе – бақылау мен қауіпсіздікті күшейтеді
Шымкент цифрлық сауаттылықты оқытуда өңірлер арасында көш бастады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу