Түркістан облысында мемлекеттік сатып алуды жоспарлау кезінде бұзушылық анықталды
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті тарапынан Түркістан облысының білім басқармасына қарасты «Облыстық жас туристер станциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мемлекеттік сатып алу рәсіміне камералдық бақылау жүргізілді.
Бақылау барысында 2026 жылғы тамыз айында мемлекеттік сатып алудың веб-порталына орналастырылған мемлекеттік сатып алу рәсімі зерделенді.
Камералдық бақылау нәтижесінде мемлекеттік сатып алуды жоспарлау кезінде сатып алынатын тауарларды олардың біртекті түрлері және жеткізу орны бойынша тиісті лоттарға бөлу талаптарының сақталмағаны анықталды.
Атап айтқанда, тапсырыс беруші сатып алынатын тауарларды олардың біртекті түрлері мен жеткізу орындарын ескере отырып, тиісті лоттарға бөлмей жоспарлаған.
Мұндай жағдай мемлекеттік сатып алуға қатысатын әлеуетті өнім берушілер арасында бәсекелестікті шектеу тәуекелін туындатуы мүмкін.
Анықталған бұзушылықтарды жою мақсатында Департамент тарапынан «Облыстық жас туристер станциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне тиісті хабарлама жолданып, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін қолданыстағы талаптарға сәйкестендіру бойынша қажетті шаралар қабылдау талап етілді.
Камералдық бақылау мемлекеттік сатып алуды тиімді жоспарлауға, бәсекелестікті дамытуға және мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды тетік болып табылады.
Түркістан облысы облысы бойынша
Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің
бас маманы Б.Мақашов


