Сайрамдық садақшы әлемдік додада алтын медаль иеленді

Oinet.kz 08-08-2026

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спортты дамыту мәселесіне ерекше мән беріп: «Қазақтың ұлттық спорт түрлерін лайықты жоғары деңгейде көрсету керек», – деп атап өткен болатын.

Screenshot_8.png

Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде Сайрам ауданының спортшысы халықаралық аренада тағы бір мәрте ел мерейін үстем етті.

Солтүстік Кипр Түрік Республикасында өткен дәстүрлі садақ атудан IV дүниежүзілік «Фетих» кубогы халықаралық турнирінде жерлесіміз Махамбет Сатбаев алтын медаль жеңіп алып, Қазақстанның абыройын асқақтатты.

«Фетих» кубогы – дәстүрлі садақ ату өнерін ұлттық құндылық пен мәдени мұра ретінде дәріптейтін әлемдік деңгейдегі беделді жарыстардың бірі. Биылғы додаға Кипр, Түркия, Косово, Ресей, Түрікменстан, Қазақстан және Қырғызстаннан келген 202 спортшы қатысып, өзара бақ сынады.

Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсеткен «Сайрам ұлттық спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің дәстүрлі садақ ату бөлімінің жаттықтырушысы Махамбет Сатбаев 30 метрлік Қазақ жамбы нысанасы бойынша жоғары мергендік танытып, барлық қарсыласынан басым түсіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Бұл жеңіс – бір спортшының ғана емес, қазақтың төл спортының халықаралық деңгейдегі беделін арттырған, еліміздің Көк Туын әлемдік додада биікке көтерген тарихи жетістік. Сонымен қатар, Сайрам ауданында ұлттық спортты дамыту бағытында жүйелі түрде жүргізіліп жатқан жұмыстардың нақты нәтижесі.

Жерлесіміз Махамбет Сатбаевты халықаралық жарыстағы айтулы жеңісімен шын жүректен құттықтап, алдағы жарыстарда да толағай табыстар мен жаңа белестер тілейміз!

С.АБЫЛБЕКОВА

Жастардың құқықтық білімін кеңейтуге арналған акция өтті
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу