Шымкентте заңды сақтауға арналған акциялар ұйымдастырылуда

Қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау және экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды алғышарттарының бірі. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы мен «Заң мен тәртіп» жобасы аясында бұл бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласында жүйелі түрде жалғасуда. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету – мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Осыған байланысты Еңбекші ауданы прокурорының бастамасымен аудан әкімі аппаратының, полиция басқармасының, төтенше жағдайлар және санитариялық-эпидемиологиялық қызметтердің қатысуымен аудан аумағында кешенді рейдтік іс-шаралар өткізілді. Іс-шаралар Бадам-1, Маятас, Жыланбұзған, Айнатас, Елтай тұрғын алаптарын, сондай-ақ «Тоғыс» және «Бадам» су қоймаларының аумағын қамтыды. Рейд барысында қоғамдық орындардың санитарлық жағдайы тексеріліп, заңсыз қоқыс орындарын анықтау, оларды жою және экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында нақты шаралар қабылданды. Сонымен қатар тұрғындарға қоршаған ортаны қорғау, тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын арнайы белгіленген орындарға шығару жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Заң мен тәртіп» жобасының негізгі мақсаты – заң талаптарын мүлтіксіз сақтау арқылы қоғамдық тәртіпті нығайту және азаматтардың жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру. Экологиялық талаптарды бұзу, құрылыс қалдықтарын рұқсатсыз төгу немесе қоғамдық орындарды ластау қоршаған ортаға зиян келтіріп қана қоймай, заңнамада көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
Рейд барысында заңсыз құрылыс қалдықтарын рұқсатсыз орналастыру және жалпы пайдалану орындарын ластау фактісі анықталып, кінәлі тұлғаға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Еңбекші ауданының прокуратурасы алдағы уақытта да «Таза Қазақстан» акциясы мен «Заң мен тәртіп» жобасы аясындағы профилактикалық және бақылау жұмыстарын жалғастырып, тұрғындарды туған жердің тазалығын сақтауға және заң талаптарын құрметтеуге шақырады.


