Қоғамдық тәртіпті сақтау арқылы үлгі көрсету маңызды

Oinet.kz 18-07-2026

Screenshot_13.jpg

Таза әрі жайлы қала – тұрғындардың өмір сүру сапасын айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. Қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Осы бағытта Шымкент қаласының прокуратурасы Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қоғамдық орындардың ластануына жол бермеу, стихиялық қоқыс орындарын жою және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде.

Осы мақсатта прокуратура әкімдік, полиция және коммуналдық қызметтермен бірлесіп рейдтік іс-шараларды тұрақты ұйымдастыруда. Рейд барысында заңсыз қоқыс тасталған аумақтар анықталып, оларды жою бойынша жедел шаралар қабылдануда. Сонымен қатар белгіленбеген орындарға тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын төккен тұлғаларды анықтап, оларды қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жауаптылыққа тарту мәселесіне ерекше назар аударылуда. Мұндай жұмыстар қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға және экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

«Заң мен тәртіп» жобасының негізгі қағидаттарының бірі – заң талаптарын сақтау арқылы қоғамдық тәртіп пен азаматтық жауапкершілікті нығайту. Бұл қағидат экология саласына да тікелей қатысты. Қоғамдық орындарды ластау, қоқысты белгіленбеген жерлерге төгу – тек санитарлық талаптарды бұзу ғана емес, қоршаған ортаға және тұрғындардың денсаулығына зиян келтіретін құқық бұзушылық. Сондықтан қаланың тазалығы тек рейдтермен, тазалық жұмыстары немесе әкімшілік шаралармен ғана қамтамасыз етілмейді. Ол ең алдымен әрбір тұрғынның мәдениеті мен жауапкершілігінен басталады. Жерге тасталған әрбір пакет, пластик бөтелке немесе құрылыс қалдығы көшелердің, аулалардың, арықтардың, балалар алаңдарының және қоғамдық орындардың санитарлық жағдайына кері әсер етеді.

Шымкент қаласының прокуратурасы тұрғындарды туған қаланың тазалығына бейжай қарамауға, қоқысты тек арнайы белгіленген орындарға тастауға, балаларға жеке үлгі көрсетуге және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақырады. 

Борышкерлер қарыздарын ерікті түрде толық өтеді
Шымкентте заңды сақтауға арналған акциялар ұйымдастырылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу