Жастарды қылмысқа тап болудан сақтау – басты назарда

Oinet.kz 12-07-2026

Screenshot_15.jpg

Жастардың денсаулығын сақтау, қоғамды есірткі қылмыстарынан қорғау және салауатты өмір салтын қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта Шымкент қаласы прокуратурасының үйлестіруімен Халықаралық нашақорлыққа және есірткі саудасына қарсы күрес күніне арналған кең ауқымды профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Басқосуға мемлекеттік органдардың қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, еріктілер мен қала тұрғындары қатысып, зиянды әдеттердің алдын алу мәселелері бойынша бірлескен жұмыстардың маңыздылығын талқылады.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, есірткінің адам денсаулығына, отбасы мен қоғамға тигізетін зардаптарын түсіндіру және есірткіге байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу болды. Бағдарлама аясында спорттық жарыстар, шығармашылық және танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып, қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, белсенді өмір салтын ұстанудың артықшылықтары жөнінде пікір бөлісті. Сонымен қатар түрлі байқаулардың жеңімпаздары марапатталып, жастардың қоғамдық белсенділігіне қолдау көрсетілді.

«Заң мен тәртіп» жобасының басты қағидаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, жастардың құқықтық санасын қалыптастыру және қауіпсіз қоғам құру. Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әсіресе жас ұрпақтың бойында заңға құрмет, өз денсаулығына жауапкершілік және зиянды әдеттерден аулақ болу мәдениетін қалыптастыру – құқықтық мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Мұндай профилактикалық іс-шаралар жастарды дұрыс таңдау жасауға ынталандырып, қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.

Шара барысында қала аумағындағы есірткіні насихаттайтын граффити жазбаларын анықтау және жою жұмыстарына белсенді атсалысқан коммуналдық қызметкерлеріне қала прокурорының Алғыс хаттары табысталды. Бұл олардың қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолындағы еңбегіне көрсетілген құрмет болды. Іс-шара соңында қатысушылар жастарды есірткіден үзілді-кесілді бас тартып, білім мен спортты серік еткен салауатты өмір салтын таңдауға шақырды. 

Шымкентте заңды сақтауға арналған акциялар ұйымдастырылуда
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу