Шымкентте киберполиция алаяқтықтың алдын алды

«Заң мен тәртіп» қағидаты құқықтық тәртіпті нығайтып қана қоймай, цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мән береді. Осыған сәйкес Шымкент қаласының полиция департаменті киберқылмыстардың алдын алу мен олардың жолын кесу бағытында заманауи тәсілдерді тиімді қолданып келеді.
Соның айқын дәлелі – Шымкент қаласы полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің жедел әрекетінің нәтижесінде қала тұрғынының банк шотындағы 10 миллион теңге алаяқтардың қолына түспей сақталып қалды.
Белгісіз адамдар әйелге телефон арқылы хабарласып, өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар азаматшаны «қаражатыңызға қауіп төніп тұр» деп сендіріп, ақшаны жалған «қауіпсіз шотқа» аудару қажеттігін айтқан. Кейін байланыс WhatsApp мессенджері арқылы жалғасып, алаяқтар түрлі психологиялық тәсілдерді қолданып, әйелді өз нұсқауларын орындауға мәжбүрлеуге тырысқан.
Дәл осы сәтте Шымкент қаласы полиция департаментінің мамандандырылған колл-орталығы күмәнді қоңырауды анықтап, ақпаратты Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлеріне жедел жеткізді. Киберполицейлер уақыт оздырмай азаматшаның тұрғылықты мекенжайына барып, оны алаяқтармен байланысын дереу тоқтатуға көндірді және қаржыны үшінші тұлғалардың есепшотына аударудың алдын алды.
Жедел әрі кәсіби әрекеттің нәтижесінде тұрғынның банк шотындағы 10 миллион теңге толық көлемде сақталып, қылмыскерлердің заңсыз иемденуіне жол берілмеді. Бұл оқиға полиция қызметкерлерінің жоғары кәсібилігі мен жаңа технологияларды тиімді пайдалана отырып, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қорғаудағы жұмысының нақты нәтижесін көрсетті.
Шымкент қаласының полиция департаменті тұрғындарды өзін банк қызметкері немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстыратын бейтаныс адамдардың сөзіне сенбеуге шақырады. Ешқашан телефон немесе мессенджер арқылы келген нұсқаумен ақша аудармаңыз, жеке деректеріңізді жария етпеңіз. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында киберқылмыспен күрес жұмыстары алдағы уақытта да күшейтіліп, азаматтардың құқықтары мен қаржылық қауіпсіздігін қорғау бағытындағы шаралар жүйелі түрде жалғаса береді.


