Шымкент полициясының бастығы Тұран ауданының тұрғындарымен кездесті

«Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдағы құқық үстемдігін нығайтып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастамаға айналды. Бұл қағидат құқық қорғау органдарының халықпен тығыз байланыс орнатып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ асып, қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін бірлесіп шешуіне жол ашуда.
Осы бағыттағы жұмыстар аясында Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұхтар Қожаев Құрсай, Ақтас, Қазығұрт және Ақжар шағынаудандарының тұрғындарымен кездесу өткізіп, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Ашық форматта өткен жиында тұрғындар өздерін алаңдатқан мәселелерді еркін көтеріп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Басқосуда жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту, құқық бұзушылықтардың алдын алу, учаскелік полиция инспекторларының жұмыс тиімділігін арттыру, интернет-алаяқтықпен күрес, қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау және азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Мұхтар Қожаев әрбір тұрғынның өтінішін мұқият тыңдап, қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Сонымен қатар көтерілген мәселелерді зерделеу үшін жауапты құрылымдық бөлімше басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуы толық қамтамасыз етілгенге дейін жеке бақылауында болатынын жеткізді. Бұл полиция қызметінің ашықтығы мен халық алдындағы жауапкершілігін айқын көрсетеді.
Кездесу барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде тұрғындардың белсенділігі мен құқықтық мәдениетінің маңызы да атап өтілді. Құқық бұзушылықтың алдын алу тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екені айтылып, азаматтар заң талаптарын сақтауға және күмәнді жағдайлар туралы дер кезінде құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырылды.
Осындай кездесулер полиция мен тұрғындар арасындағы өзара сенімді нығайтып, қоғамдық мәселелерді дер кезінде анықтауға әрі тиімді шешуге мүмкіндік береді. Бұл – «Заң мен тәртіп» қағидатының нақты жүзеге асуының көрінісі. Шымкент қаласы полиция департаменті алдағы уақытта да халықпен ашық диалогты жалғастырып, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек.


