Көше – жарыс алаңы емес

«Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтуға, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Әсіресе қоғамдық орындарда тәртіпті сақтау мен жол қозғалысы ережелерін қатаң орындау – әрбір жүргізушінің азаматтық жауапкершілігі. Өйткені бір адамның жауапсыз әрекеті ондаған адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Осы қағидат аясында Шымкент қаласының полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге тұрақты мониторинг жүргізу барысында қала көшелерінде қауіпті жарыс ұйымдастырған жүргізушілердің бейнежазбасын анықтады. Бейнематериалдарда жүргізушілердің жол қозғалысы кезінде қарсы бағыттағы жолаққа шығып, қауіпті маневрлер жасағаны, басқа көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің өміріне қатер төндіргені анық көрінеді. Олар заңға қайшы әрекеттерін бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялаған.
Тексеру барысында жарысқа қатысушылардың бірінің көлік құралын жүргізуші куәлігінсіз басқарғаны белгілі болды. Полицейлердің анықтауынша, жастардың мұндай қауіпті әрекетке баруына 200 мың теңгелік бәстесу себеп болған. Жеңіске жетіп, әлеуметтік желіде көп қаралым жинайтын әсерлі бейне түсіруді мақсат еткен олар қала көшелерін заңсыз жарыс алаңына айналдырған.
Жедел жүргізілген тексеру нәтижесінде құқық бұзушылар анықталып, олардың әрекеттеріне заң аясында тиісті құқықтық баға берілді. Жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзғаны үшін олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар қатысушылардың екеуі ұсақ бұзақылық жасағаны үшін сот шешімімен жеті тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Бұл оқиға жол қозғалысы ережелерін елемеудің салдары міндетті түрде заң алдында жауапкершілікке әкелетінін тағы бір мәрте көрсетті. Қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін мұндай әрекеттерге ешқандай төзімділік болмайды.
Шымкент қаласының полиция департаменті қала тұрғындарын жол қозғалысы мәдениетін сақтауға, әлеуметтік желідегі танымалдық үшін өз өмірі мен өзгелердің қауіпсіздігін қатерге тікпеуге шақырады. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында кез келген құқық бұзушылықтың жолы дер кезінде кесіліп, кінәлі тұлғалар заң талаптарына сәйкес міндетті түрде жауапқа тартылады.


