Заң мен тәртіп: заңсыз жалға беруге тосқауыл

Oinet.kz 19-07-2026

Screenshot_7.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдық қауіпсіздікті нығайтып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған маңызды бастамалардың біріне айналды. Заң талаптарының мүлтіксіз орындалуы – азаматтардың қауіпсіз өмір сүруінің, қоғамдық тұрақтылықтың және әділетті қоғам қалыптастырудың басты кепілі. Осы бағытта Шымкент қаласының полиция қызметкерлері құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді.

Осыған орай қала аумағында «Жалдамалы пәтер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Рейдтің негізгі мақсаты – тұрғын үйлерді жалға беру саласындағы заң талаптарының сақталуын бақылау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және көлеңкелі қызметтің жолын кесу.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері жалға берілетін пәтерлерді тексеріп, меншік иелерімен және жалға алушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, заң талаптарын бұзған азаматтарға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды.

Тексеру кезінде тұрғын үйлерді тіркеусіз әрі тиісті рұқсатсыз жалға берген 201 тұлға анықталды. Аталған деректер бойынша олардың әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін тиісті мемлекеттік органдарға материалдар жолданды. Бұл жұмыстар тұрғын үйді жалға беру нарығын заңдастыруға, салықтық тәртіпті сақтауға және қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, жалдамалы пәтерлерді заңсыз пайдалану кейбір жағдайларда құқық бұзушылықтардың жасырынуына, көші-қон заңнамасының бұзылуына немесе өзге де құқыққа қайшы әрекеттерге жол ашуы мүмкін. Сондықтан мұндай нысандарды тұрақты бақылауда ұстау – қауіпсіз ортаны қалыптастырудың маңызды тетіктерінің бірі.

Шымкент қаласының полиция департаменті тұрғындарды тұрғын үйді жалға беру кезінде заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Әрбір меншік иесі жалға беру қызметін заң аясында рәсімдеп, тиісті талаптарды орындауы қажет. Ал құқық бұзушылықтарға бейжай қарамау – қоғам алдындағы ортақ жауапкершілік.

Тәртіп сақшылары «Жалдамалы пәтер» жедел-профилактикалық іс-шарасы алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті. Өйткені Заң мен тәртіп қағидаты – қауіпсіз әрі құқықтық мемлекет құрудың берік негізі.

Бозарық тұрғындарымен кездесу өтті
Полицейлер кәсіби біліктілік танытты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу