Бозарық тұрғындарымен кездесу өтті

Oinet.kz 20-07-2026

Screenshot_6.jpg

«Заң мен тәртіп» қағидаты осы бағыттағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеріп, құқық қорғау органдары мен халық арасындағы өзара сенімді нығайтуға жол ашып келеді. Бұл қағидаттың басты мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алып, қауіпсіз әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру.

Осы мақсатта Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев Бозарық, Асар және Шымсити шағын аудандарының тұрғындарымен қоғамдық және жол қауіпсіздігі мәселелеріне арналған кездесу өткізді. Ашық форматта ұйымдастырылған жиынға жүзге жуық тұрғын қатысып, өздерін толғандырған мәселелерді тікелей полиция басшылығына жеткізу мүмкіндігіне ие болды.

Кездесу барысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту, құқық бұзушылықтардың алдын алу, интернет-алаяқтықпен күрес, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың профилактикасы және тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен тұрғындардың заң талаптарын сақтауы қоғамдағы тұрақтылықтың негізгі кепілі екенін атап өтті.

Жиын барысында тұрғындар өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, жол белгілерін көбейту, көшелерді жарықтандыру, учаскелік полиция инспекторларының жұмысын жетілдіру және қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті күшейтуге қатысты мәселелерді көтерді. Әрбір сауалға жан-жақты жауап беріліп, нақты шешімді қажет ететін өтініштер жауапты қызметтердің бақылауына алынды.

– «Қауіпсіздік халықтың сенімі мен тұрақты диалогтан басталады. Өз аумағындағы өзекті мәселелерді ең алдымен сол жерде тұратын тұрғындар жақсы біледі. Біздің міндетіміз – әрбір өтінішке құлақ асып, оған жедел ден қою және тұрғындармен бірлесіп қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыру», – деді Мұхтар Қожаев.

Мұндай кездесулер «Заң мен тәртіп» қағидатының іс жүзіндегі көрінісі болып табылады. Өйткені қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Шымкент қаласының полиция департаменті алдағы уақытта да халықпен ашық диалогты жалғастырып, құқықтық тәртіпті нығайту мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек.

Электросамокат қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік
Заң мен тәртіп: заңсыз жалға беруге тосқауыл
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу