Электросамокат қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік

Қазіргі таңда ірі қалаларда электросамокат тұрғындардың күнделікті қатынас құралына айналып келеді. Алайда оның кеңінен қолданылуы жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты жаңа талаптар мен жауапкершілікті де күшейтуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Осыған орай Шымкент қаласы Полиция департаментінде Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері мен «Яндекс самокат» және «JET самокат» кикшеринг компанияларының өкілдері қатысқан жұмыс кездесуі өтті. Басқосуда электросамокаттарды пайдалану мәдениетін қалыптастыру, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қолданыстағы заң талаптарының орындалуы кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген электросамокаттарды пайдалануға қатысты заңнамадағы өзгерістердің негізгі талаптары жан-жақты түсіндірілді. Мамандар жаңа нормалардың мақсаты – жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және ортақ пайдалану кеңістігінде тәртіпті күшейту екенін атап өтті.
Сонымен қатар кикшеринг компанияларының өкілдері жалға берілетін электросамокаттарды тіркеу тәртібі, техникалық бақылау, пайдаланушылардың жауапкершілігі және қауіпсіздік талаптары жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Бүгінде Шымкент қаласының тұрғындары үшін «Яндекс самокат» компаниясына тиесілі 900, ал «JET самокат» компаниясына тиесілі 1000 электросамокат қолжетімді. Бұл қызметтің танымалдығы артқан сайын қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселесі де өзекті бола түсуде.
Жиын барысында полиция мен кикшеринг компанияларының өзара іс-қимылын күшейту, заң талаптарын түсіндіру жұмыстарын бірлесіп ұйымдастыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы ұсыныстар да қарастырылды.
Шымкент қаласының Полиция департаменті барлық азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, электросамокаттарды қауіпсіз әрі жауапкершілікпен пайдалануға шақырады. Заң талаптарын сақтау – әрбір жол қозғалысына қатысушының міндеті әрі қауіпсіз қоғам қалыптастырудың басты кепілі.


