Қайнарбұлақ елдімекені тұрғындарының мәселелері тыңдалды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты құқық үстемдігін нығайтып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастама. Бұл ретте халықпен ашық диалог орнатып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ асу – құқық қорғау органдары қызметінің басты басымдықтарының бірі.
Осы мақсатта Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев Абай ауданына қарасты Қайнарбұлақ елді мекенінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін кеңінен талқылады. Басқосуда тұрғындардың көкейінде жүрген сауалдар тыңдалып, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу ұйымдастырылды.
Кездесу кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, құқық бұзушылықтардың профилактикасын күшейту және азаматтардың қауіпсіздігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты таныстырылды. Сонымен қатар учаскелік полиция инспекторларының қызметі, тәулік бойы жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шаралар, бейнебақылау жүйелерінің тиімділігі және тұрғындармен тұрақты кері байланысты дамыту бағытындағы бастамалар туралы айтылды.
Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ашық көтеріп, жол инфрақұрылымын жетілдіру, көшелерді жарықтандыру, жол белгілерін көбейту, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті күшейту жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Әрбір сауал мұқият тыңдалып, заң талаптарына сәйкес жан-жақты түсіндірме берілді. Ал жекелеген мәселелерді шешу үшін жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы бақылауға алынды.
Мұндай кездесулер полиция мен халық арасындағы өзара сенімді нығайтып қана қоймай, тұрғындардың құқық қорғау органдарының жұмысына белсенді араласуына жол ашады. Ашық диалог қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тетігіне айналып келеді.
Шымкент қаласының Полиция департаменті алдағы уақытта тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және азаматтардың өтініштеріне жедел әрі сапалы жауап беру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады. Өйткені қауіпсіз қоғам – заңға құрмет пен халық пен полиция арасындағы өзара сенімнен басталады.


