«Заң мен тәртіп»: Шымкентте жас полицейлермен ашық диалог өтті

Oinet.kz 02-08-2026

Screenshot_3.jpg

Президент жариялаған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы құқық қорғау жүйесінде кәсібилік пен адалдықты нығайтып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа басқару мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Бұл қағидаттың басты талаптарының бірі – халыққа қалтқысыз қызмет ететін, заңды бәрінен биік қоятын әрі жоғары жауапкершілікпен жұмыс істейтін білікті кадрларды тәрбиелеу. Осы бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласы Полиция департаментінде жүйелі түрде жалғасуда.

«Саптағы заңдылық» іс-шарасы аясында Департаментте ішкі істер органдарының қатарына жаңадан қабылданған жас қызметкерлермен «Ашық диалог» форматындағы кездесу өтті. Басқосудың басты мақсаты – жас мамандардың кәсіби қалыптасуына қолдау көрсету, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау және қызмет барысында туындайтын мәселелерді ашық талқылау болды.

Кездесуде полиция генерал-майоры Мұхтар Жұмабайұлы Қожаев жас қызметкерлерді жауапты әрі абыройлы мамандықты таңдауларымен құттықтап, полиция қызметінің қоғам алдындағы айрықша маңызына тоқталды.

«Бұл – жай ғана қызмет емес, бұл – халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуге бағытталған үлкен аманат», – деген Департамент басшысы әрбір полицей заң үстемдігін сақтап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды өзінің басты міндеті ретінде қабылдауы керектігін атап өтті.

Жиынға Департаменттің барлық құрылымдық бөліністерінен келген жас мамандар қатысты. Ашық пікір алмасу барысында олар қызмет өткеру ерекшеліктері, кәсіби даму, әлеуметтік қолдау, тәжірибе жинақтау және күнделікті қызметке қатысты өздерін толғандырған сауалдарын қойды. 

Кездесу соңында Мұхтар Жұмабайұлы Қожаев жас қызметкерлерді үздіксіз білім алып, кәсіби біліктіліктерін арттыруға, тәжірибелі әріптестердің тәлімін үлгі етуге және антқа адал болуға шақырды. Сондай-ақ қызмет барысында заңдылық пен қызметтік әдеп қағидаларын бұлжытпай сақтап, халық сеніміне селкеу түсірмейтін жауапты әрі әділ қызметкер болудың маңызын ерекше атап өтті.

Мұндай ашық форматтағы кездесулер құқық қорғау органдарында сенімге негізделген ішкі корпоративтік мәдениетті нығайтып, жас мамандардың кәсіби көзқарасын қалыптастыруға, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидатын күнделікті қызметтің басты ұстанымына айналдыруға ықпал етеді.

Шымкентте сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері талқыланды
Шымкент полициясы сапқа тұрды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу