Шымкентте сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері талқыланды

Oinet.kz 03-08-2026

Screenshot_2.jpg

Президент айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты мемлекеттік қызмет жүйесінде ашықтықты, әділдікті және адалдықты орнықтыруға бағытталған маңызды басымдықтардың бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін арттырып қана қоймай, қоғамның құқық қорғау жүйесіне деген сенімін нығайтуға да негіз болады.

Осы мақсатта «Саптағы заңдылық» іс-шарасы аясында Шымкент қаласы Полиция департаментінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға Шымкент қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының өкілдері, сондай-ақ жеке құрам қызметкерлері қатысты.

Кездесу барысында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қызметтік тәртіпті сақтау мәдениетін қалыптастыру, заң талаптарын бұлжытпай орындау, қызметтік әдеп нормаларын ұстану және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланды. Спикерлер мемлекеттік қызметтің басты қағидаттарының бірі – адалдық пен әділдік екенін атап өтіп, әрбір полиция қызметкерінің халық алдындағы жауапкершілігі жоғары екенін жеткізді.

Сондай-ақ жиында қызмет барысында кездесуі мүмкін құқық бұзушылықтардың алдын алу тетіктері, мүдделер қақтығысын болдырмау, азаматтармен қарым-қатынаста заң талаптарын қатаң сақтау және кәсіби этиканы нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет тек заң талаптарын орындаумен шектелмей, әрбір қызметкердің ішкі ұстанымы мен азаматтық жауапкершілігіне негізделуі тиіс екенін айтты.

Іс-шара соңында қатысушыларға сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін кері әсерін көрсететін тақырыптық бейнеролик ұсынылды. Сонымен қатар жеке құрам адал қызмет етуге, заң талаптарын мүлтіксіз орындауға,  кәсіби әрі жауапты қызмет көрсетуге шақырылды.

Мұндай кездесулер құқық қорғау органдарында ашықтық пен адалдық қағидаттарын нығайтып, сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ полиция қызметінің беделі мен қоғам сенімін арттыруға бағытталған маңызды профилактикалық жұмыстардың бірі болып саналады.

Адам саудасына қарсы күрес – ортақ міндет
«Заң мен тәртіп»: Шымкентте жас полицейлермен ашық диалог өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу