«Заң мен тәртіп» аясында атқарылып жатқан жұмыстар жемісін беруде

«Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында Шымкент қаласындағы Shymkent City саябағының амфитеатр алаңында Халықаралық нашақорлыққа және есірткі саудасына қарсы күрес күніне арналған кең көлемді концерттік-танымдық іс-шара өтті. Жастардың басын қосқан тағылымды шараның басты мақсаты – салауатты өмір салтын дәріптеу, есірткінің адам денсаулығына, отбасы мен қоғамға тигізетін зардабы туралы тұрғындардың хабардарлығын арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Іс-шара барысында 26 мамыр мен 26 маусым аралығында республика көлемінде ұйымдастырылған профилактикалық айлықтың қорытындылары жария етілді. Бір ай бойы полиция қызметкерлері, прокуратура өкілдері, мемлекеттік органдар, денсаулық сақтау саласының мамандары, білім беру ұйымдары мен еріктілер бірлесіп, жастар арасында түсіндіру кездесулерін өткізіп, ақпараттық акциялар ұйымдастырды. Сондай-ақ қоғамдық орындарда профилактикалық рейдтер жүргізіліп, тұрғындарға есірткінің заңдық және әлеуметтік салдары туралы жан-жақты мәлімет берілді.
Жиында Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Арман Бейсенбаев, прокуратура өкілдері және Психикалық денсаулық орталығының басшылығы сөз сөйлеп, нашақорлықпен күресте мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғам институттарының және жастардың бірлескен іс-қимылының маңызын ерекше атап өтті. Спикерлердің айтуынша, есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қоюмен қатар, оның алдын алу бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да ерекше мәнге ие.
Шара аясында профилактикалық жұмыстарға белсенді қатысып, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға үлес қосқан азаматтар мен еріктілер алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар «Жастар таңдауы – есірткісіз өмір» тақырыбында өткен сурет байқауының жеңімпаздары арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Жас суретшілердің туындылары арқылы есірткіден азат қоғамның маңызы мен жарқын болашаққа деген сенім көрініс тапты.
Мұндай мәдени-танымдық іс-шаралар қоғамда есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыруға, құқықтық мәдениетті арттыруға және өскелең ұрпақтың санасына жауапкершілік пен салауатты өмір салтының құндылықтарын сіңіруге бағытталған маңызды бастамалардың бірі.


