Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – ортақ міндет

Шымкент қаласында «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне арналған ведомствоаралық жұмыс кездесуі өтті. Шымкент қаласы Полиция департаментінде ұйымдастырылған жиынға құқық қорғау органдарының, жергілікті атқарушы органдардың, әлеуметтік қызметтердің және өзге де мүдделі мекемелердің өкілдері қатысып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жан-жақты талқылады.
Кездесу барысында 2026 жылдың екінші тоқсанында атқарылған жұмыстардың қорытындылары сараланып, профилактикалық шаралардың нәтижелілігіне талдау жасалды. Мамандар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барлық мемлекеттік мекемелер мен қоғамның бірлескен жауапкершілігі екенін атап өтті. Осыған байланысты құқық бұзушылықтың себептері мен оған әсер ететін факторларды ерте анықтау, тәуекел тобындағы отбасылармен жүйелі жұмыс жүргізу және әлеуметтік-психологиялық қолдау тетіктерін жетілдіру мәселелері айтылды.
Жиын барысында зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қажетті көмек көрсету тетіктерін жетілдіруге ерекше назар аударылды. Сонымен қатар мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасуды күшейту, профилактикалық жұмыстарды үйлестіру, дағдарыс жағдайындағы азаматтарға кешенді қолдау көрсету және әрбір дерек бойынша жедел әрекет ету мәселелері қарастырылды.
Қатысушылардың пікірінше, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда құқықтық түсіндіру жұмыстарының, қоғамдық сана мен құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызы зор. Сондықтан халық арасында заң талаптарын кеңінен насихаттау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және зорлық-зомбылықтың кез келген түріне төзбеушілік қағидатын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігі айтылды.
Жиын қорытындысында алдағы кезеңге арналған ведомствоаралық бірлескен іс-шаралар жоспары нақтыланып, жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктелді. Сондай-ақ профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейту және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған кешенді шараларды жүйелі түрде жалғастыру жөнінде ортақ ұстаным қалыптасты.


