Сот шешімін орындау – заң алдындағы жауапкершілік

Шымкент қаласы Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасы ағымдағы жылдың 1–3 шілде аралығында қала аумағында «Борышкер, алимент төлеушілер мен туыстық байланысын үзген адамдарды іздеу» республикалық жедел-профилактикалық акциясын өткізуде. Іс-шараның негізгі мақсаты – сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету, алимент төлеуден жалтарып жүрген азаматтарды анықтау, сондай-ақ туыстық байланысын үзген адамдарды іздестіру жұмыстарын жандандыру.
Акция аясында полиция қызметкерлері жеке сот орындаушыларымен және уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесіп кешенді іс-шаралар жүргізуде. Мамандар тіркелген мекенжайлар бойынша тексерулер ұйымдастырып, ақпараттық базалардағы мәліметтерді салыстыру, азаматтардың нақты тұрғылықты жерін анықтау және олардың орналасқан жерін нақтылау бағытында жүйелі жұмыстар атқаруда. Мұндай іс-шаралар сот актілерінің орындалуын қамтамасыз етіп қана қоймай, азаматтардың заң алдындағы жауапкершілігін арттыруға да ықпал етеді.
Жедел-профилактикалық акцияның алғашқы күндерінің өзінде нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде алимент төлеуден жалтарып жүргендер мен түрлі берешегі бар азаматтардың қатарынан 19 борышкердің нақты мекенжайы анықталды. Оларға сот шешімдерін орындау қажеттілігі түсіндіріліп, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылдануда.
Алимент төлеу – тек заңмен белгіленген міндет қана емес, ең алдымен баланың алдындағы ата-аналық жауапкершілік. Сондықтан кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселесі құқық қорғау органдарының тұрақты бақылауында. Ал сот шешімдерін орындаудан жалтару қосымша құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Шымкент қаласы Полиция департаменті азаматтарды заң талаптарын сақтауға, сот шешімдерін уақытылы әрі толық орындауға шақырады. Сондай-ақ алимент бойынша берешегі бар тұлғаларға қарыздарын өз еркімен өтеудің құқықтық салдары жеңіл болатыны ескертілді. Құқық қорғау органдары мұндай профилактикалық іс-шараларды алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіп, заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береді.


