Бала құқығына қатысты өзекті мәселелер талқыланды

Шымкент қаласында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері тұрақты бақылауда. Осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіру мақсатында 2026 жылғы 10 маусымда Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі Н. Абдезов қатысып, балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға атсалысты.
Отырыс барысында жасөспірімдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, олардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Әсіресе соңғы жылдары қоғамда ерекше алаңдаушылық туғызып отырған жасөспірімдер арасындағы өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттерінің алдын алу шараларына басымдық берілді. Білім беру ұйымдарында психологтар мен әлеуметтік педагогтердің атқарып жатқан жұмыстары сараланып, олардың тиімділігін арттыру жолдары талқыланды. Мамандар балалармен сенімді қарым-қатынас орнату, ерте психологиялық қолдау көрсету және ата-аналармен өзара байланысты күшейтудің маңызын атап өтті.
Комиссия мүшелері жазғы демалыс кезеңінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесіне де ерекше назар аударды. Оқушыларды сауықтыру лагерлерімен қамту, мәдени-спорттық іс-шараларға тарту, су айдындарында қауіпсіздік талаптарын сақтау және өрт қауіпсіздігі ережелерін күшейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар пысықталды. Бұл шаралар балалардың жазғы демалысын мазмұнды өткізіп, түрлі төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу болды. Осыған байланысты Шымкент қаласы Полиция департаментінің 2026 жылғы 20 сәуірдегі №30-4-49/54048–И ұсынуы негізінде №58 мектеп оқушыларының қатысуымен орын алған құқық бұзушылық жағдайы қаралып, оған құқықтық баға берілді. Комиссия мүшелері мұндай келеңсіз оқиғалардың қайталануына жол бермеу үшін білім беру ұйымдары, ата-аналар және құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейту жөнінде нақты ұсыныстар айтты.


