Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер түсіндірілді

Oinet.kz 24-04-2026

image.png

Түркістан облысында мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы орайда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті тарапынан мемлекеттік қызметшілер арасында түсіндіру және алдын алу шараларына ерекше көңіл бөлінуде.

Атап айтқанда, департаменттің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Н. Наркабуловтың қатысуымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің қызметкерлері қатысты.

Кездесу барысында мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларда көзделген негізгі шектеулер кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, мемлекеттік функцияларды орындаумен сыйыспайтын қызметпен айналысуға тыйым салу, жақын туыстардың, жұбайлар мен жекжаттардың бір мемлекеттік органда бірге қызмет атқаруына жол бермеу, сондай-ақ жеке пайда табу мақсатында қызметтік немесе өзге де жабық ақпаратты пайдалануға қатаң тыйым салынатыны айтылды.

Мамандардың айтуынша, мұндай шектеулер мемлекеттік қызметтің адалдығын қамтамасыз етуге, мүдделер қақтығысының алдын алуға және парақорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған. Себебі тәжірибеде дәл осы талаптардың бұзылуы сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының туындауына себеп болып жатады.

Жиын барысында қызметтік міндеттерді адал әрі жауапкершілікпен атқару, жеке және қызметтік мүдделердің ара-жігін ажырата білу, кез келген заңсыз әрекеттерге төзбеушілік таныту мәселелері де кеңінен қозғалды. Қатысушыларға парақорлықтың қоғам дамуына тигізетін кері әсері, оның мемлекеттік басқару жүйесіне нұқсан келтіретіні және халық сенімін әлсірететіні нақты мысалдар арқылы түсіндірілді.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық фактілері анықталған жағдайда заң талаптарына сәйкес қатаң шаралар қолданылатыны ескертілді. Бұл ретте әрбір мемлекеттік қызметші өз әрекеті үшін жеке жауапкершілік арқалайтыны, заң талаптарын сақтамау тек қызметтік жазаға ғана емес, қылмыстық жауапкершілікке де әкелуі мүмкін екені атап өтілді.

Жалпы, мұндай кездесулердің басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру ғана емес, сонымен қатар қоғамда адалдық, ашықтық және заң үстемдігі қағидаттарын нығайту болып табылады. Түркістан облысында жүргізіліп жатқан осы бағыттағы жүйелі жұмыстар сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және тиімді мемлекеттік басқаруды қалыптастыруға ықпал етуде.

Діни радикализмнің алдын алу: мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты
«Ашық есік күні» аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу