«Ашық есік күні» аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Түркістан облысында мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, азаматтармен кері байланысты нығайту және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті түрлі форматтағы іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді.
Осы ретте департаменттің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Н.Наркабуловтың қатысуымен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Түркістан облысы бойынша филиалының ғимаратында «Ашық есік күні» іс-шарасы өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтарға мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібін түсіндіру, құқықтық кеңес беру, сондай-ақ халықпен тиімді кері байланыс орнату болды.
Шара барысында қызмет алушыларға мемлекеттік қызмет көрсету рәсімдері жан-жақты түсіндіріліп, туындаған сұрақтар бойынша құқықтық кеңестер берілді. Азаматтарға қызмет алу кезінде қандай құжаттар қажет екені, өтініштерді рәсімдеу тәртібі және көрсетілетін қызметтердің мерзімдері туралы толық ақпарат ұсынылды.
Сонымен қатар, іс-шара аясында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Мамандар мемлекеттік қызмет көрсету барысында ашықтық пен әділдік қағидаттарын сақтау – басты талап екенін атап өтті. Әсіресе, қызметкерлерге өз міндеттерін адал атқару, жеке және қызметтік мүдделердің қақтығысына жол бермеу, кез келген заңсыз әрекеттерден аулақ болу қажеттігі түсіндірілді.
Қатысушыларға парақорлық пен қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану қоғамға үлкен зиян келтіретіні, мұндай әрекеттер мемлекеттік қызметтің беделін түсіріп, азаматтардың сенімін әлсірететіні айтылды. Осыған байланысты әрбір қызметкердің жауапкершілігі жоғары болуы тиіс екені ескертілді.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық фактілері анықталған жағдайда заң аясында қатаң шаралар қолданылатыны туралы ақпарат берілді. Азаматтарға құқықбұзушылықтарға тап болған жағдайда қайда жүгінуге болатыны және өз құқықтарын қалай қорғауға болатыны жөнінде кеңестер ұсынылды.
Жалпы, мұндай «Ашық есік күні» форматындағы кездесулер мемлекеттік органдардың ашықтығын арттырып қана қоймай, халықтың құқықтық сауаттылығын көтеруге және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Түркістан облысында атқарылып жатқан осындай шаралар мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартуға және қоғам сенімін нығайтуға бағытталған.


