Түлкібас: Тұрғындар көтерген мәселелер тұрақты бақылауда

Oinet.kz 27-11-2025 21

Screenshot_5.jpg

Түлкібас ауданы әкімі Асқар Естібаевтың ауылдық округ тұрғындары алдында есеп беру жиындары жалғасуда. Кеше аудан басшысы бірнеше ауылдық округте болып, ауыл тұрғындармен кездесіп, өткен 9 айдың қорытындысымен таныстырды.

Мәселен, Састөбе кентінде өткен кездесуде аудан әкімі аудан аумағында және нақты округ көлемінде 2025 жылы атқарылған негізгі жұмыстарға тоқталып, инфрақұрылым, жол жөндеу, әлеуметтік сала, көгалдандыру және абаттандыру бағытындағы жетістіктерді атап өтті. Сондай-ақ, алдағы жоспарлармен бөлісе отырып, тұрғындарды бірлесе еңбек етуге, елді мекеннің дамуына, тазалық мәдениетін қалыптастыруға қолдау көрсетуге шақырды. 

Жалпы Састөбеде кент тұрғындарының өтініштерін қанағаттандыру мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынып, нәтижесінде Састөбе кентінде орналасқан апатты тұрғын үйлердің орнына 48 пәтерлі 2 қабатты 2 тұрғын үйлердің құрылысы басталған. Оның құрылысын алдағы жылы аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ, елді мекенде көп жылдан бері қордаланған мәселенің бірі таза ауыз су. Бұл мәселені түбегейлі шешу мақсатында ауқымды жұмыстар іске асуда. Бұдан бөлек, Састөбе кенті, Айдарбеков, Победа көшесін жарықтандыру, Жібек жолы көшесіне электр бағаналарын орнату және электр желілерін тарту, орталық саябаққа балалар ойын алаңшасын орнату, 1-ші Мамыр көшесіндегі көп қабатты үйдін сыртын қаптау жұмыстары атқарылып, Састөбе кентіндегі полигонды ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Бұнымен қоса, бүгінгі таңда кент аумағынан «Қазақстан Халқы» қорынан 300 орындық мектептің құрылысын жүргізу жоспарлануда. Қазіргі таңда жаңа мектепке 2,5 гектар жер бөлініп, жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан оң қорытындысы алынған. Жаңа мектеп салынған жағдайда 450 оқушы заманауи мектепте білім алатын болады. Бұл туралы бүгін аудан әкімі Асқар Естібаев Састөбе кентінде тұрғындар алдында берген дәстүрлі есебінде баяндады. Сонымен қатар, аудан басшысы өз баяндамасында өткен жылдан өтпелі Ынтымақ ауылдық клубының құрылысы жүргізіліп жатқаның айтып, нысан 2026 жылы пайдалануға берілетіндігін жеткізді.

Басқосуда аудан әкімі жыл басынан бері аудан және округ кесіндісінде атқарылған жұмыстарды және алдағы уақытқа жоспарланған жобаларды баяндап, тұрғындардың өтініш-ұсыныстарын тыңдады. Басым бөлігі еркін форматта ұласқан жиында тұрғындар көше жарығы, тұрғын үй, ойын алаңшасын соғу, мал жайылымы, кент статуысын өзгерту, білім және денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелермен жүгініп, аудан әкімі тарапынан қанағаттандырарлықтай жауаптар алды.

Сондай-ақ, кездесуді пайдаланып, Асқар Сұлтанұлы ауыл тазалығына қатысты әңгіме өрбітіп, әр отбасы өз ауласы мен есік алдын ерінбей тазаласа, соның өзі ортақ үйіміздің көріктенуіне сүбелі үлес қосқаны деді. Жиынаннан соң жеке мәселелерімен келген кент тұрғындары аудан басшысының қабылдауында болып, өтініш-ұсыныстарын жеткізді. Кездесу мен жеке қабылдауда көтерілген әр мәселе назарға алынатындығын ескерткен аудан әкімі заңды шешімін тапқанша бақылауда тұратындығын атап өтті.

Келесі кездесу Келтемашат ауылдық округіне жалғасын тапты. Жыл басында аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен аудан аумағындағы су тапшылығы орын алған елді мекендерге толық зерделеу жұмыстары жүргізіліп, ішіндегі бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін ауылдардың ауыз су жүйесіне жөндеу жұмыстары қолға алынған болатын. Солардың қатарында, Келтемашат ауылдық округіне қарасты Келтемашат, Даубаба, Жиынбай және Сеславино елді мекендері жергілікті ауыл тұрғындарының өтінішіне сәйкес, енген болатын. Тарқатып айтатын болсақ, Даубаба, Жиынбай ауылының ауыз су жүйесін ағымдағы жөңдеу жұмыстары, Келтемашат ауылындағы ауыз су жинайтын резервуарының қоршауына ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар, аймқтағы өзекті мәселенің бірі Сеславино ауылының  ауыз су жүйесін қайта құру құрылыс жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мердігер мекеме анықталған. Қаржы қарастыру бойынша салалық басқармаға өтінім берілген. Қазіргі таңда қаржы күтілуде. Аталмыш жағымды жаңалықпен бүгін аудан әкімі Асқар Естібаев келтемашаттықтар алдында берген есептік кездесуінде баяндады. Сонымен қатар, бүгінгі таңда аталған округке қарасты Келтемашат және Жиынбай ауылындағы Түлкібас аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт залдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Даубаба ауылындағы 100 орындық мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары қазіргі таңға 95 пайызға аяқталған. Нысан желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, Келтемашат ауылы, Бейбітшілік, Кершетас ауылы, Абай көшесі, Сеславино ауылы, Жангелді және Т.Әубәкіров көшелеріне жарықтандыру жүйелерін орнату бойынша жұмыстар атқарылып, Кершетас ауылы, Нұршуақ көшесі, Сеславино ауылы, Аманкелді көшесіне темір-бетонды бағаналар орнатылды.  Дәстүрлі басқосуда ауыл ардагерлері аймақтағы қордаланған мәселелерді аудан әкіміне жазбаша түрде ұсынып, ауыл ақсақалдары атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын жеткізіп, ақ баталарын берді.

Ордабасы: «Ауыл аманаты» жобасы кәсіп ашуда жастарға таптырмас мүмкіндік
Түлкібас: Инфрақұрылым жақсарып, көшелер жарығы жаңарды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу